Есірткі саудасынан түскен 600 млн теңгеден астам ақша криптовалюта арқылы заңдастырылған: Қызылорда облысында сот үкімі шықты

    Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастауды ұйымдастырып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырған адамдар сотталды.

    Тергеу барысында олардың тиісті рұқсатсыз, «Астана» халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс жерде Binance платформасының P2P қызметі арқылы криптовалютаны заңсыз саудалағаны анықталды.

    Осылайша олар 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтер сатқан. Криптовалютаны заңсыз айырбастаудан түскен табыс 178 млн теңгеге жеткен.

    Сонымен қатар сотталғандардың бірі есірткі сатудан түскен ақшаны заңдастырумен айналысқан.

    Ақшаны қабылдау және басқа шоттарға аудару үшін өздерінің банк шоттарын пайдалануға берген адамдарды (дропперлерді) тартқан.

    Осы шоттар арқылы 600 млн теңгеден астам ақша аударылған.

    Түскен ақша криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудагерлерінің криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу анықтаған мұндай аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT -ге жеткен.

    Сотталғандар қылмыстық жолмен тапқан ақшасына жүк көліктері мен тіркемелер сатып алып, оларды жақын туыстарының атына тіркеген. Кейін бұл көліктерді кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, заңды тұлғаларға жалға берген.

    Сот үкімімен олардың біріне үш жыл, екіншісіне екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ төрт арнайы техника мен қылмыстық жолмен алынған 1 млрд теңгеден астам табыс мемлекет пайдасына тәркіленді.

    Үкім заңды күшіне енді.

    ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі" жаңалықтары