Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті есірткі сататын интернет-дүкен үшін төлем қабылдап, ақша аударумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті.
Тергеу дерегінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде ақша айырбастайтын топ құрып, оған жеті сыбайласын тартқан. Топ мүшелері міндеттерді өзара бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген. Осылайша олар тәулік бойы төлем қабылдап, ақша аударып отырған.
Интернет-дүкен операторлары тапсырыс ақысын төлеу үшін сатып алушыларды осы айырбастау тобына бағыттаған. Төлем расталғаннан кейін оларға есірткі жасырылған орындардың координаттары жіберілген.
Айырбастау тобы күн сайын 50-ден 70-ке дейін төлем операциясын жүргізген. Ақша қабылдау үшін өзге адамдардың — дропперлердің атына ашылған 22 банк картасын пайдаланған.
Кейін түскен ақшаны криптовалютаға айырбастап, есірткі саудасын басқаратын адамдардың бақылауындағы криптоәмияндарға аударып отырған.
Аударылған ақшаның жалпы көлемі 918 мың USDT -ден асқан. Бұл 400 млн теңгеден астам сомаға тең.
Қылмыстық әрекетті ұйымдастырған адам қамауға алынды.
Тергеу жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді .
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







