ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТТАРЫ БОЙЫНША КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

    1 / 21

    Қостанай облысында қоғам өкілдерімен, ғылыми және педагогикалық қауымдастықпен, еңбек ұжымдарымен, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері және өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшыларымен бірқатар кездесулер өтті.

    Кездесулердің басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған негізгі бағыттар мен басымдықтарды түсіндіру, мемлекеттік саясаттың алдағы міндеттерін жеткізу және олардың өңірлік деңгейде жүзеге асырылу тетіктерін таныстыру болды.

    Бағдарлама аясында қатысушылар екі топқа бөлініп, түрлі сала өкілдерімен кездесулер өткізді.

    Бірінші топтың құрамында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Е.В. Смышляева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Т.Н. Кунадилов, Р.С. Гаджибалаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Е.Е. Сағнаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы И.В. Скуб болды.

    Бағдарлама «Qaz Talks» форматындағы диалог алаңынан басталды. Кездесуді аша отырып, Екатерина Смышляева алдағы өзгерістердің заңнамалық негіздеріне тоқталды. Ол мемлекеттің стратегиялық міндеттерін іске асыру үшін сенімді құқықтық негіз қалыптастыру, заңнаманы жетілдіру және оның қазіргі қоғамның сұраныстарына сәйкестігін қамтамасыз ету бағыттарының маңызын түсіндірді.

    Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Төлеген Күнәділов инфрақұрылымды жаңғырту және «Халықтық құрылыс» бастамасын іске асыру жөніндегі міндеттерді баяндады. Ол Ұлттық қор қаражатын тиімді әрі ашық пайдалану, отандық өндірушілер мен жергілікті мердігер ұйымдарды тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және құрылыс жобалары құнының негізсіз өсуіне жол бермеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бастаманың негізгі мақсаты тек инфрақұрылым нысандарын салумен шектелмей, отандық өндірісті дамытуға және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.

    Бұдан кейін Полиция департаментінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесу өтті. Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың маңызы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы міндеттер түсіндірілді. Атап айтқанда, интернет-алаяқтық, киберқылмыс, есірткі қылмыстары мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алуда отбасының, білім беру ұйымдарының, жұмыс берушілер мен қоғамның өзара іс-қимылы, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шараларының маңыздылығы айтылды.

    Бірінші топтың кездесулері Қостанай қаласындағы №31 жалпы білім беретін мектепте педагогикалық қауымдастықпен өткен кездесумен қорытындыланды. Педагогтерге білім беру саласын дамытуға қатысты басым міндеттер, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, инклюзивті білім беруді дамыту және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағыттары түсіндірілді. Сондай-ақ педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайту, артық есептілікті қысқарту және мұғалімнің кәсіби мәртебесін нығайту мәселелеріне тоқталды.

    Екінші топтың құрамында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Е.А. Әбіл, А.С. Лаврентьев, Г.Г. Шиповских және Д.И. Павленко, ҚР Энергетика вице-министрі С.С. Жаркешов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы А.С. Панбаев болды.

    Алғашқы кездесу Қостанай облысының ғылыми қауымдастығы өкілдерімен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде өтті. Кездесу барысында Президент Жолдауында белгіленген ғылымды дамыту, ғылыми әлеуетті нығайту және ғылыми қауымдастық пен өндірістік сектор арасындағы байланысты күшейту міндеттері түсіндірілді.

    Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Еркін Әбіл өз сөзінде «Халықтық құрылыс» бастамасының негізгі мақсаттары мен оны жүзеге асыру тетіктеріне тоқталды. Ол инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту отандық өндірістің дамуына, өңірлік кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар Ұлттық қор қаражатын импортты қаржыландыруға емес, ішкі экономиканы дамытуға бағыттаудың маңыздылығын түсіндірді. Бұдан бөлек, өңірлердің өндірістік мүмкіндіктерін бағалау, құрылыс материалдарының құнын бақылау және инфляциялық тәуекелдердің алдын алу қажеттігіне назар аударды.

    Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Геннадий Шиповских Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға қатысты міндеттерді түсіндірді. Ол елдің транзиттік мүмкіндіктерін нығайтуда теміржол инфрақұрылымының стратегиялық маңызын атап өтті. Атап айтқанда, Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы, оны пайдалануға бергеннен кейін жүк тасымалы көлемін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі, теміржол желісін кеңейту, станцияларды жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, көлік саласын дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің экономикалық өсуіне қосымша мүмкіндіктер береді.

    Келесі кездесу «Баян Сұлу» АҚ қызметкерлерімен кәсіпорын аумағында өтті. Кездесу барысында отандық өнеркәсіпті дамыту, өндірістік секторды қолдау және кәсіпорындардың әлеуетін арттыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттары түсіндірілді.

    Өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшыларымен қорытынды кездесу Allur зауытында өтті. Қатысушыларға өнеркәсіпті дамыту, көлік-энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіру және өңірдің өндірістік әлеуетін нығайту бағытында көзделген міндеттер мен оларды іске асырудың маңыздылығы жеткізілді.

    Өткізілген кездесулер Президент Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіруге, мемлекеттік саясаттың алдағы міндеттерін халыққа жеткізуге және қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталды. Кездесулер барысында заңнамалық реформалар, азаматтарды әлеуметтік қорғау, отандық өндірісті қолдау, көлік логистикасын дамыту және білім беру инфрақұрылымын жетілдіру сияқты ел дамуы үшін маңызды бағыттар қамтылды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысының әкімдігі" жаңалықтары