Облысымызға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов жұмыс сапарымен келді. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесу барысында төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды іске асыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өзге де мәселелер қарастырылды.
Аймақ басшысы су тасқынына дайындықты күшейту мақсатында Төтенше жағдайлар департаментіне қазан айының соңына дейін барлық елді мекендерге барып, мониторинг жүргізуді тапсырғанын айтты.
Айта кетейік, 2023 жылдан бері Төтенше жағдайлар департаментін материалдық-техникалық жабдықтауға 5 млрд теңге бөлінді. Су тасқыны қаупі жоғары өңірлер үшін 50 бірлік техника сатып алынды.
«2023-2026 жылдары облыстың орман шаруашылығы мекемелерін техникамен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 9 млрд теңге бөлінді. 51 өрт сөндіру автокөлігі, 89 трактор, 39 орман өртін сөндіру кешені, 85 патрульдік автокөлік, 42 мотоцикл, сондай-ақ аспалы және тіркемелі жабдықтар мен байланыс құралдары сатып алынды. Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейі 100%-ті құрайды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде биыл облыс аумағында орман өрттерінің ауданы 33,8%-ке, дала өрттерінің ауданы 96,8%-ке төмендеді», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.









