Астанада Қазақстан мен Тәжікстанның бизнес-форумы өтті

    1 / 8

    Бүгін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Астанада өтіп жатқан Қазақстан мен Тәжікстанның бизнес-форумына қатысты.

    Іс-шара Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстан Республикасына ресми сапары қарсаңында ұйымдастырылды.

    Форум барысында екіжақты тауар айналымын, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, цифрлық экономика мен сауданы, ақпараттық технологияларды, IT-қауіпсіздік пен жасанды интеллектіні дамыту, жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

    Анықтама: Тәжікстандағы энергетикалық қуаттардың 98%-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі, олардың негізгі бөлігін су электр станциялары құрайды.

    Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасында жаңартылатын энергия көздері объектілерінің электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға және жаңартылатын энергетиканы одан әрі дамытуға бағытталған шаралар кешені іске асырылуда.

    Бүгінгі таңда Қазақстанның энергетикалық жүйесі 254 энергия көзінен тұрады, оның ішінде 172-сі жаңартылатын энергия көздері объектілері.

    Энергетикалық жүйенің жалпы белгіленген қуаты 27,1 ГВт құрайды, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері объектілерінің қуаты – 3,8 ГВт.

    Қазіргі уақытта жаңартылатын энергетика секторы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі жоспарлы 7% көрсеткіштен асып, 8,5%-ға жетті.

    Басым бағыттардың бірі – күн энергетикасын дамыту. Жобалар ашық аукциондар арқылы, сондай-ақ халықаралық стратегиялық инвесторлармен жасалған үкіметаралық келісімдер шеңберінде жүзеге асырылуда. Осы бағыт аясында жалпы қуаты 900 МВт болатын ірі күн электр станциялары жобаларының пулы қалыптастырылды.

    Жалпы, 2035 жылдың соңына дейін жалпы қуаты кемінде 8,4 ГВт болатын жаңа жаңартылатын энергия көздері қуаттарын іске қосу жоспарлануда. Оның ішінде күн энергетикасының үлесі шамамен 1,8 ГВт болады.

    Форум аясында екі елдің іскер топ өкілдері арасында экономиканың түрлі салаларын қамтитын жалпы сомасы 135,3 млн АҚШ долларын құрайтын 11 келісімге қол қойылды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары