Алматының Жетісу ауданында 40 көше жөнделеді

    1 / 2

    Жетісу ауданында екі үлкен жобаның аясында жоспарланған 125 шақырым желінің 116 шақырымына жуығы тартылды. Қалған жұмысты келер жылы аяқтамақ ойда. Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Құрасбек Сәдібеков инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу мен көшені жарықтандыру жүйесін жаңартуға бағытталған осы жұмыс туралы баяндады.

    Аталған екі жобадан бөлек, ауданда басқа да коммуналдық желілерді салып, жаңғыртып жатыр.

    «Алматы Су» ШЖҚ МКК желісі бойынша 9 жоба жүзеге асады. Оның 6-уы сумен жабдықтауға, 3-еуі су бұру жүйесіне қатысты. Қазірдің өзінде 4 жоба аяқталып, қалған бесеуінде жұмыс жалғасып жатыр», – дейді аудан әкімі.

    Алматының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының тапсырысы бойынша су бұру, жылумен және электрмен жабдықтау бағытында тағы 3 жоба іске аса бастады. Сонымен қатар «Алматы жылу желілері» ЖШС жылу желілеріне қатысты екі жобаны жүзеге асырып жатыр. Осы бес жобаның біреуі аяқталса, төртеуі әлі біте қойған жоқ.

    Ауданда 30-дан астам көше аумағы мен жаяу жүргіншілер аймағының, саябақ пен алаңқайлардың 15 учаскесінде сыртқы жарық жүйесі жаңартылды. 1,9 мыңнан астам жарық нүктесі ауысып, 22 шақырым кабель желісі қалпына келтірілді. Сондай-ақ 311 тірек орнатылып, 154 басқару шкафы жөнделді.

    Биылғы орташа жөндеу жұмысының жоспарына жалпы ұзындығы шамамен 39,5 шақырымды құрайтын 40 көше енгізілген.

    Жұмыс екі кезеңге бөлінген. Әр кезең 20 көшені қамтып отыр. Бірінші кезеңнің ұзындығы шамамен 23,8 шақырымды, екінші кезеңнің ұзындығы 15,7 шақырымды құрайды. Екінші кезең аясында 14 көшеде жөндеу жұмысы басталып, олардың бірнешеуіндегі жұмыс әлден бітіп қойды.

    Алты көшеде әзірге жөндеу жұмысы басталған жоқ. Олар: Қоңыртөбе, Ұлттық, Серпін, 2-ші Гончарная көшелері, Қазыбаев көшесі мен Крылов көшесінен Ниязбеков көшесіне дейінгі жол.

    «Бұдан бөлек, аудан әкімдігі ағымдағы жөндеу аясында 22 мың шаршы метр жол жабынын қалпына келтіріп, 7 көшеде ұзындығы 1,5 шақырымнан асатын тротуарларды салу және жөндеу жұмыстары аяқталды», – деді әкім.

    Ауданда Хожамияров пен Палладин көшесіндегі көшкін қаупі бар екі жерді нығайту жұмысы да аяқталды. Кемел шағын ауданында жұмыс жалғасып жатыр. Оларды қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

    Бөкейханов көшесінде Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының тапсырысы бойынша жаңбыр мен еріген қар суын бұру жұмысы аяқталды. Бұл аумақты су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары