Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіру және өңірдің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында Құрылтай мен Үкімет өкілдері облысқа жұмыс сапарымен келді. Талдықорған қаласындағы Достық үйінде және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен кездесулерге депутат Екатерина Самойликова, Қазақстан Халық Кеңесінің өкілі Қайрат Кереев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова, Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков, қоғамдық ұйымдар мен іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері қатысты.
Алғашқы кездесу Достық үйінде өтіп, онда әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту және тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды. Құрылтай депутаты Екатерина Самойликова Жалпыұлттық құрылыс жылын тек жаңа ғимараттар салумен шектемей, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыттау қажеттігін атап өтті.
Келесі кездесу «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында іскер әйелдердің қатысуымен өткізілді. Онда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, жеңілдетілген несиеге қолжетімділікті арттыру және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.
Жұмыс сапары аясындағы тағы бір маңызды басқосу паралимпиадашылармен өтті. Кездесу барысында Құрылтай депутаты Екатерина Самойликова инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда елімізде ерекше қолдауды қажет ететін 240 мыңға жуық бала бар. Оларға медициналық, психологиялық-педагогикалық және оңалту көмегін уақтылы көрсетілуінің маңызы үлкен. Осы бағытта балаларды кешенді қолдау жөніндегі заң жобасы әзірленуде. Сонымен қатар ерте диагностика жүйесін жетілдіру, қажетті қызметтерді цифрлық форматта қолжетімді ету және ымдау тілі мамандарының тапшылығын азайту мәселелері көтерілді.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков паралимпиадалық спортты дамытуға мемлекеттік қолдау жалғасатынын жеткізді. Атап айтқанда, спортшыларды халықаралық жарыстарға даярлау, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жүлдегерлерді ынталандыру және оларды сүйемелдеушілердің шығындарын өтеу қарастырылған.
Талдықорғандағы Тіл сарайында облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өтті. Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттер, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері сөз болды.
Осыдан кейін ҚР Құрылтайының депутаты Наурыз Сайлаубай мен ҚР Халық кеңесінің мүшесі Руфина Усанова Талдықорған қаласындағы «Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесті. Кәсіпорынның мәжіліс залында өткен іс-шараға 100 адам қатысты. Қонақтар зауытты аралап, оның қызметімен танысты.
Келесі кезекте қонақтар Талдықорған қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аға буын өкілдерімен жүздесті. Кездесуде қарттарды әлеуметтік қолдау, олардың тұрмыс сапасын жақсарту және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасауға байланысты түскен ұсыныстарды тыңдап, нақты жауаптар берілді.
Осыдан кейін халық қалаулылары І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұжымымен кездесті. Онда жоғары білім беру жүйесін дамыту, мамандарды даярлау сапасын арттыру, өңірдің кадрлық әлеуетін нығайту және университеттің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлі талқыланды. Сондай-ақ оқу орнының білім беру және ғылыми әлеуеті, жұмыс берушілермен байланысы мен алдағы даму бағыттары сөз болды.
Сапар соңында Құрылтай мен Үкімет өкілдері Көксу және Ескелді аудандарына барып, тұрғындармен кездесті.
Жетісу облысынң ішкі саясат басқармасы
Фотолар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өміралинов
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








