Дұрыс тамақтану – денсаулықты сақтаудың, өмір сүру сапасын жақсартудың және көптеген созылмалы аурулардың алдын алудың маңызды факторларының бірі. Күнделікті тұтынатын тағамның құрамы адам ағзасына тікелей әсер етеді. Әсіресе тұзды, қантты және трансмайларды шамадан тыс тұтыну денсаулыққа кері әсерін тигізіп, жұқпалы емес аурулардың даму қаупін арттырады.
Тұзды шамадан тыс пайдалану артериялық қан қысымының жоғарылауына, жүрек-қантамыр ауруларының, инсульт пен бүйрек ауруларының даму қаупінің артуына ықпал етеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге тәулігіне 5 грамнан аз тұз тұтынуды ұсынады. Бұл шамамен бір шай қасық тұзға тең.
Тұзды тұтынуды азайту үшін:
- тағам дайындау кезінде тұзды аз мөлшерде пайдалану;
- дайын тағамға қосымша тұз қоспау;
- тұздалған, ысталған және консервіленген өнімдерді шектеу;
- құрамында тұзы көп жартылай фабрикаттар мен фастфуд өнімдерін аз тұтыну;
- тағамның дәмін келтіру үшін тұздың орнына көкөністер, шөптер мен табиғи дәмдеуіштерді қолдану ұсынылады.
Қантты шамадан тыс тұтыну артық салмақ пен семіздікке, 2-типті қант диабетіне, тісжегінің пайда болуына және басқа да зат алмасу бұзылыстарына әкелуі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бос қанттарды тәуліктік жалпы энергия тұтынудың 10%-ынан аз мөлшерде, ал денсаулыққа қосымша пайда алу үшін 5%-ынан төмен деңгейде тұтынуды ұсынады.
Қантты азайту мақсатында:
- тәтті газдалған сусындар мен қаптамадағы шырындарды шектеу;
- шай мен кофеге қосылатын қант мөлшерін біртіндеп азайту;
- кондитерлік өнімдер мен тәттілерді шамадан тыс тұтынбау;
- тағам өнімдерінің жапсырмасындағы қант мөлшеріне назар аудару;
- тәтті тағамдардың орнына жаңа піскен жемістерді тұтыну қажет.
Трансмайлар – адам денсаулығына зиянды майлардың бірі. Оларды шамадан тыс тұтыну қандағы «жаман» холестерин деңгейін жоғарылатып, «жақсы» холестерин деңгейін төмендетеді. Нәтижесінде жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупі артады.
Трансмайлар көбінесе өнеркәсіптік жолмен өндірілген ішінара гидрогенделген майлардың құрамында кездеседі. Олар кейбір кондитерлік өнімдерде, маргаринде, фастфудта, қуырылған тағамдарда және ұзақ сақталатын дайын өнімдерде болуы мүмкін.
Трансмайларды тұтынуды азайту үшін:
- құрамында ішінара гидрогенделген майлар бар өнімдерден бас тарту;
- фастфуд пен қуырылған тағамдарды шектеу;
- тағам дайындау кезінде өсімдік майларын тиімді пайдалану;
- өнімнің құрамын мұқият оқып, сапалы әрі қауіпсіз тағамдарды таңдау ұсынылады.
Тұзды, қантты және трансмайларды тұтынуды азайту – жүрек-қантамыр ауруларының, қант диабетінің, семіздіктің және басқа да жұқпалы емес аурулардың алдын алудың маңызды шараларының бірі.
Әрбір адам күнделікті тамақтану тәртібіне көңіл бөліп, көкөністер мен жемістерді, тұтас дәнді дақылдарды, бұршақ тұқымдастарды және пайдалы май көздерін көбірек тұтынуы қажет. Сонымен қатар жеткілікті мөлшерде су ішу және тұрақты дене белсенділігін сақтау маңызды.
Денсаулықты сақтау әр адамның өзінен басталады. Дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыру – ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің маңызды кепілі!
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды дұрыс тамақтану қағидаларын ұстануға, тағам өнімдерін таңдауда олардың құрамына назар аударуға және денсаулыққа зиянды тағамдық компоненттерді тұтынуды шектеуді ұсынады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









