2026 жылғы 4 қарашада Даулат Шәкіровтың төрағалығымен Жарқайың ауданы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырысқа Қоғамдық кеңес мүшелері, қала әкімінің орынбасары, ауданның ауылдық округтері мен ауыл әкімдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында күн тәртібіне енгізілген екі өзекті мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Денсаулық сақтау нысандарының проблемалық мәселелері туралы» болды. Осы мәселе бойынша аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Инна Трубавина мен аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрсұлтан Бейсехан ақпарат берді. Талқылау барысында аудандағы медициналық нысандардың жай-күйі, оларды жаңғырту, жөндеу жұмыстарын жүргізу және халыққа медициналық көмек көрсету жағдайларын жақсарту қажеттілігі сөз болды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе Балалар музыка мектебі мен Балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында қосымша білім берудің қолжетімділігі мен сапасына арналды. Бұл мәселе бойынша Балалар музыка мектебінің директоры Салтанат Ерекешева және Балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы директорының міндетін атқарушы Ольга Ахметжанова ақпарат ұсынды. Негізгі назар үйірмелер мен секциялар санын кеңейтуге, ауылдық елді мекендерде қосымша білім беруді дамытуға және білікті мамандарды тартуға аударылды.
Қаралған мәселелер бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті түсініктемелер алды.
Отырыс қорытындысы бойынша денсаулық сақтау нысандарының жай-күйін жақсартуға, сондай-ақ ауданда қосымша білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған тиісті ұсынымдар қабылданды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









