Қазақстан Республикасында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау міндетті болып табылады. Бұл талап меншік нысанына қарамастан, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға қолданылады.
Лицензия алу үшін ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуі қажет.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензия алу үшін өтініш электрондық түрде Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы беріледі.
Өтініш берер алдында ұйым қажетті құжаттарды дайындап, белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуі тиіс.
Лицензия алу кезінде мынадай негізгі талаптар ескеріледі:
- арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған ғимараттың немесе үй-жайдың болуы;
- санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестік;
- өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау;
- мүгедектігі бар адамдар үшін нысанның қолжетімділігін қамтамасыз ету;
- қажетті материалдық-техникалық базаның болуы;
- тиісті білімі мен біліктілігі бар мамандармен жасақталған штаттың болуы;
- қызмет алушыларды тамақтандыру және олардың тұру жағдайларына қойылатын талаптарды сақтау.
Лицензия алу үшін ұйым өтінішпен бірге белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын мәліметтер мен құжаттарды ұсынады. Олардың қатарына жылжымайтын мүлікке қатысты мәліметтер, кадастрлық паспорт, санитариялық-эпидемиологиялық құжаттар, материалдық-техникалық база және қызметкерлердің біліктілігін растайтын құжаттар жатады.
Өтініш пен құжаттардың толық топтамасы ұсынылғаннан кейін Департамент ұйымның орналасқан жері бойынша біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді. Тексеру нәтижелері бойынша қорытынды қалыптастырылып, лицензия беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдау үшін ұсынылады.
Лицензия қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде беріледі. Лицензияны басқа жеке немесе заңды тұлғаға беруге жол берілмейді.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы лицензиялау ұйымдардың белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге, қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









