Жайлылық әрбір қадамнан басталады. Ал әрбір адамның еркін әрі сенімді қозғалуы үшін оның жеке ерекшеліктері мен медициналық көрсетілімдеріне сәйкес дұрыс таңдалған ортопедиялық аяқкиімнің маңызы зор.
Ортопедиялық аяқкиім — бұл жай ғана аяқкиім емес, адамның қозғалыс мүмкіндігін жақсартуға, денсаулығын сақтауға және күнделікті өмірдегі жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды оңалту құралы.
Айта кету қажет, мүгедектігі бар адамдар медициналық көрсетілімдерге сәйкес күрделі және аз күрделі ортопедиялық аяқкиіммен қамтамасыз етіледі.
Біріншіден, күрделі ортопедиялық аяқкиімге тоқталсақ.
Күрделі ортопедиялық аяқкиім, оның ішінде алынбалы башмақ (сапожок), төменгі аяқтың 3 сантиметр және одан жоғары қысқаруы, салдануға байланысты табан деформациялары, варус, эквиноварус, вальгус, жалпақ-вальгустық және ойыс табан, маймақтық, пілдік, сондай-ақ Шопар, Лисфранк және Пирогов деңгейлері бойынша аяқ басының ампутациялық тұқылдары кезінде дайындалады.
Екіншіден, аз күрделі ортопедиялық аяқкиім.
Аз күрделі ортопедиялық аяқкиім төменгі аяқтың 3 сантиметрге дейін қысқаруы, табан сүйектері бастарының ұлғаюы, бойлық және көлденең жалпақтабандылық, саусақтардың балға тәрізді деформациясы, өкше сүйегінің өсінділері және аяқ басының басқа да патологиялық өзгерістері кезінде дайындалады.
Енді күрделі ортопедиялық аяқкиіммен қамтамасыз ету тәртібіне тоқталайық.
Етіктерді қоспағанда, күрделі ортопедиялық аяқкиім мынадай санаттағы адамдарға беріледі:
Біріншіден, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, Ұлы Отан соғысында мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдарға жылына екі жұп — бір жұп жазғы және бір жұп қысқы аяқкиім беріледі.
Екіншіден, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға бір жұп — жазғы немесе қысқы аяқкиім беріледі.
Үшіншіден, мүгедектігі бар балаларға екі жұп — жазғы және қысқы аяқкиім беріледі.
Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысында мүгедектігі бар адамдарға және оларға теңестірілген тұлғаларға екі қолының ампутациялық тұқылдары болған, екі қол басының функциялары күрт төмендеген, омыртқасы зақымданған, сондай-ақ жамбас-сан буындарында анкилоз болған жағдайларда бүйір резеңке ендірмелері бар арнайы аяқкиім беріледі.
Ал үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар күрделі ортопедиялық аяқкиіммен (жазғы немесе қысқы) қамтамасыз етіледі. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу туралы шартта көзделген құнның немесе кепілдік берілген соманың 50 пайызы өз қаражаты есебінен төленеді.
Келесі мәселе — мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету бойынша проактивті мемлекеттік қызметті алу тәртібі.
Қазіргі таңда бұл қызметті алу рәсімі азаматтарға барынша қолайлы болу үшін автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес протездік-ортопедиялық көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды қамтитын оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі — ОЖБ) «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі — АЖ «ЦБДИ») қалыптастырылады.
Одан кейін ОЖБ деректері автоматты түрде «Е-Собес» ақпараттық жүйесіне жіберіледі.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамның немесе оның заңды өкілінің ұялы телефонына мемлекеттік қызметті алу туралы ұсыныс көрсетілген SMS-хабарлама жолданады.
Қызмет алушы SMS-хабарламада көрсетілген тиісті кодты жіберу арқылы проактивті қызметті алуға келісімін немесе одан бас тартуын растайды.
Қызмет алушының келісімі алынған жағдайда, оған осы қызметті көрсетуге қажетті құжаттарды рәсімдеудің расталғаны туралы SMS-хабарлама жіберіледі.
Проактивті қызмет арқылы протездік-ортопедиялық көмек көрсетуге арналған құжаттарды рәсімдеу бойынша өтініш берілген күн болып қызмет алушының тиісті келісім берген күні есептеледі.
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі — келісім алынған күннен бастап бес жұмыс күні.
Қызмет алушының келісімі алынғаннан кейін қалалық басқарманың немесе жұмыспен қамту бөлімінің маманы «Е-Собес» ақпараттық жүйесі арқылы қабылданған шешім туралы қызмет алушының ұялы телефонына SMS-хабарлама жіберу арқылы хабардар етеді.
Жіберілген барлық SMS-хабарламалар электрондық хабарламалар журналында тіркеледі.
Сондай-ақ проактивті қызмет арқылы протездік-ортопедиялық көмек көрсетуге арналған құжаттарды рәсімдеу барысында қажетті мәліметтерді алу үшін ақпараттық жүйелерге сұрау салулар «Е-Собес» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
Қорытындылай келе, ортопедиялық аяқкиіммен және протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету — мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі.
Бұл қызметтердің басты мақсаты — азаматтардың қозғалыс мүмкіндіктерін кеңейту, олардың күнделікті өмірдегі дербестігін арттыру, қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау және өмір сүру сапасын жақсарту.
Сонымен қатар, проактивті қызмет көрсету тетігі мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдетіп, азаматтардың уақытын үнемдеуге және қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Біздің басты міндетіміз — әрбір азаматқа тең мүмкіндік беріп, оның еркін қозғалуына, сенімді қадам басуына және қоғамның толыққанды мүшесі болуына қолдау көрсету.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









