Қазақстанда 625 ұйым арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алған

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мұндай қызмет көрсетуге 625 ұйым лицензия алған. Оның ішінде 463-і – коммуналдық мемлекеттік мекеме, 162-і – үкіметтік емес ұйым. Жалпы берілген лицензия саны – 707.

    Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алу міндеті 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Бұл талап меншік нысанына қарамастан, осындай қызмет көрсететін барлық ұйымға қатысты. Лицензиялау кезінде қызмет көрсетушілердің белгіленген талаптарға, соның ішінде қызмет көрсету жағдайына, қауіпсіздікке, қажетті құрал-жабдықтарға және қызметкерлердің біліктілігіне сәйкестігі тексеріледі.

    2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша елімізде 108 мыңға жуық адам арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, егде жастағы азаматтар, тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар, адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, сондай-ақ осындай қолдауға мұқтаж өзге де адамдар бар.

    Лицензия алу үшін ұйымдар Министрлік бекіткен біліктілік талаптарына сай болуы керек. Нақты талаптар қызмет көрсету түріне байланысты белгіленеді. Атап айтқанда, қызмет стационарлық жағдайда, жартылай стационарда, уақытша болу орындарында немесе үйде көрсетілуі мүмкін.

    Қызмет алушыларға арналған ғимараттар мен бөлмелер санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуы қажет. Сондай-ақ ғимараттың кіреберісі, қозғалыс жолдары, қызмет көрсетілетін бөлмелер мен санитариялық-тұрмыстық орындар мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолжетімді болуға тиіс.

    Ұйымдар арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету үшін қажетті материалдық-техникалық базамен, соның ішінде жиһазбен, құрал-жабдықтармен және керек-жарақтармен толық қамтамасыз етілуі керек. Қызметкерлерге де арнайы талаптар қойылады. Олардың саны бекітілген штат нормативтеріне сәйкес болуы, ал мамандардың білімі мен біліктілігі тиісті құжаттармен расталуы қажет.

    Заңнамада көзделген жағдайларда стационарлық және жартылай стационарлық ұйымдар қызмет алушылардың тамақтануын ұйымдастыруға немесе осы қызметті көрсету үшін тиісті келісімшарт жасауға міндетті. Ал үйде қызмет көрсететін ұйымдарға ғимарат пен жабдықтарға қатысты кейбір талаптар қолданылмайды.

    Лицензия алу үшін өтінім Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы электронды түрде беріледі. Өтініш беруші ұйым біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын мәліметтер мен құжаттарды ұсынады. Оларды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері тексереді. Сонымен қатар өтініш берушінің белгіленген талаптарға іс жүзінде сәйкестігі де қаралады. Қажет болған жағдайда мамандар ұйымның орналасқан жеріне барып тексеру жүргізеді.

    Біліктілік талаптарына сәйкес келмеу лицензия беруден бас тартуға негіз болады. Анықталған кемшіліктерді жойғаннан кейін ұйым лицензия алу үшін қайта өтінім бере алады.

    Лицензиялау жүйесі арнайы әлеуметтік қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға және оларға сапалы әрі қауіпсіз көмек көрсетуге бағытталған. Белгіленген талаптар ұйымның бүкіл қызметі барысында сақталуға тиіс.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары