ЖЕЗҚАЗҒАНДА ҚҰБЫРЛАРДЫ ҚАЗБАЙ ЖАҢАРТУДЫҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯСЫ СЫНАЛДЫ

    1 / 5

    Жезқазған қаласында инженерлік желілерді жаңғыртудың заманауи әдісі тәжірибеден өтті. Бейбітшілік көшесі, 20 мекенжайында кәріз құбырын жер қазбай қалпына келтіру бойынша пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылды.

    «БәйтерекТрубПром» компаниясы ұзындығы 30 метр, диаметрі 400 мм болатын құбыр учаскесін ультракүлгін сәуле арқылы полимерлеу (UV-CIPP) технологиясымен қалпына келтірді.

    Жаңа әдістің басты ерекшелігі – жол жабынын бұзбай, ауқымды жер қазу жұмыстарын жүргізбей, ескі құбырдың ішкі бетін жаңарту.

    Жұмыс барысында құбырдың ішкі жағдайы арнайы бейнеқұрылғымен тексеріліп, жиналған шөгінділер тазартылды. Кейін құбыр ішіне арнайы полимерлі материал орнатылып, ультракүлгін сәулемен қатайтылды.

    Нәтижесінде құбырдың ішкі беті толық қалпына келтіріліп, оның пайдалану сенімділігі артты. Жоба аясында жүргізілген бейнетексеру технологияның тиімділігін көрсетті.

    Бұл тәсіл қалалық инфрақұрылымды жаңғырту кезінде уақытты үнемдеуге, жол қозғалысына келетін қолайсыздықтарды азайтуға және инженерлік желілердің қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

    Алдағы уақытта аталған технологияны Жезқазғанның басқа да проблемалық құбыр учаскелерінде қолдану мүмкіндігі қарастырылмақ.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жезқазған қаласының әкімдігі" жаңалықтары