Жезқазғандағы «Гүлдер» бөбекжайында күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жаңартылған әлеуметтік нысан бүлдіршіндерге есігін қайта ашуға дайындалуда. Қазіргі уақытта мекеменің қызметін қайта бастауға қажетті құжаттар рәсімделуде.
Ұлытау облысы әкімінің әлеуметтік нысандардың дайындығын қамтамасыз ету және білім беру мекемелеріндегі жағдайды бақылауда ұстау жөніндегі тапсырмасы аясында қала әкімі Мұрат Бөрібаев пен облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Уәлиев бөбекжайды аралап, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты.
Аралау барысында жөндеу сапасы, ғимараттың пайдалануға дайындығы, санитариялық талаптардың сақталуы және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты қаралды.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңарту – әлеуметтік саланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Өйткені балабақша – бүлдіршіндердің алғашқы білім алып, қабілеттерін дамытатын, қоршаған ортамен танысатын маңызды орта.
Нысанды аралау кезінде қала басшысы балалардың қауіпсіздігі мен қолайлы жағдайдың қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ жауапты тұлғалармен бөбекжайды пайдалануға беру тәртібі және алдағы ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.
Ендігі міндет – қолданыстағы талаптарға сәйкес қажетті рәсімдерді аяқтап, мекеменің жұмысын қайта жандандыру.
«Гүлдер» бөбекжайының қайта ашылуы – ата-аналар үшін қуанышты жаңалық әрі мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Бұл балалардың сапалы тәрбие алуына жағдай жасап, отбасылардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге ықпал етпек.
№13 МЕКТЕПТЕГІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ 90 ПАЙЫЗҒА ЖУЫҚ АЯҚТАЛДЫ
Жезқазған қаласындағы №13 жалпы білім беретін мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінде нысандағы жұмыстардың 90 пайызға жуығы орындалды.
Қала әкімі Мұрат Бөрібаев Ұлытау облысы білім басқармасының басшылығымен бірге мектепке барып, жөндеу жұмыстарының барысын және орындалу сапасын тексерді.
Жобаның мердігер ұйымы – «СК ЭкоСтрой Групп» ЖШС.
Аралау барысында қалған жұмыстарды уақытылы аяқтау, құрылыс сапасын қамтамасыз ету және қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелеріне назар аударылды.
Негізгі мақсат – оқушылар мен педагогтерге қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







