1. БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын белгіленген кесте бойынша төлем ретінде алуға кімдер құқылы?
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар мынадай тұлғаларға міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады:
Зейнет жасына толған адамдар (ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас (2028 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға ұлғайып, 2031 жылы 63 жасқа жетеді)).
55 жасқа толған, зейнетақы төлемін алуға өтініш берген кезде өздері үшін жиынтығында кемінде күнтізбелік 84 ай бойы МКЗЖ төленген, уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен өндірістердің, жұмыстардың және жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыстарда еңбек қызметін тоқтатқан адамдар.
Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар.
Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтар бойынша зейнетақы төлемдерін жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жетпей-ақ, яғни 50 жастан бастап алуға болады. Сонымен қатар ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері мүгедектік тобына және оның белгіленген мерзіміне қарамастан, мүгедектігі бар адамдарға да беріледі. Бұл ретте төлемдерді алу кестесін салымшы өзі дербес белгілейді.
2. Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алу үшін қайда және қашан жүгіну қажет?
Зейнет жасына толуына байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақыны тағайындату үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақытылы жүгінуі қажет.
Өтінішті зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын беруге болады. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің барлық түрі өтініш берілген күннен бастап жүзеге асырылады. Бұл ретте алушы зейнет жасына толған болса, ХҚКО-да өтініш пен қажетті құжаттар тіркелген күн өтініш берілген күн болып есептеледі. Ал егер өтініш зейнет жасына толғанға дейін берілсе, зейнет жасына толған күн өтініш берілген күн болып саналады. Мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны алу үшін уақытылы жүгінудің маңызы ерекше, өйткені оны тағайындау кезінде алушы ұсынған құжаттар негізінде еңбек өтілін тексеру қажет.
Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойы, ал БЖЗҚ-дан алушының зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
3. Кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай есептеледі?
Төлемдерді есептеу тәртібі келесідей жүзеге асырылады:
Төлемдерді алудың бірінші жылында зейнетақы жинақтарының сомасы 6,5% мөлшеріндегі зейнетақы жинақтарының төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді.
Кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне сәйкес ұлғайтылады.
БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТК) кемінде 70%-ын құрауға тиіс.
Жекелеген санаттар үшін түзету коэффициенттері:
Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдарға, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген, жинақтары жиынтығында кемінде 60 ай бойы төленген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан адамдарға қатысты Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Егер алушы жоғарыда аталған талаптардың бірнешеуіне бірдей сәйкес келсе, мәні ең жоғары түзету коэффициенті қолданылады.
Ерекше жағдайлар:
55 жасқа толған және өздері үшін жиынтығында кемінде 84 ай бойы МКЗЖ төленген адамдарға зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде:
Зейнетақы төлемінің мөлшеріне қатысты ЕТК-нің кемінде 70%-ын құрауы тиіс деген ең төменгі шек қолданылмайды.
Түзету коэффициенттері қолданылмайды.
Жеке зейнетақы шотындағы ЕТК-нің 70%-ынан аз қалдық кезекті зейнетақы төлемінің сомасымен бірге төленбейді.
Егер БЖЗҚ-дан төлем жүзеге асырылатын күнгі зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса, жинақтар біржолғы төлем түрінде беріледі.
4. Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) мен мүгедектігі бар адамдарға төленетін төлемдер
50 жасқа толған немесе мүгедектігі бар адамдар ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған жинақтарын алу үшін БЖЗҚ-ның сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы, сондай-ақ Қордың кеңсесіне барып өтініш бере алады.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, 2026 жылғы наурыз айынан бастап зейнет жасына толған, БЖЗҚ-да ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар, бірақ бұған дейін 50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты оларды алу үшін Қорға өтініш бермеген адамдарға ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін өтінішсіз автоматты түрде тағайындау тәртібі енгізілді.
Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне жүгіне алады немесе Қордың ресми сайты ( enpf.kz) / мобильді қосымшасы арқылы ЭЦҚ пайдаланып өтініш бере алады. Мұндай азаматтар үшін БЖЗҚ тарапынан көшпелі қызмет көрсету ұйымдастырылған (маманның баруынсыз қашықтан алу мүмкіндігі де алдын ала тексеріледі).
5. Құжаттарды рәсімдеу және тексеру жолдары
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін рәсімдеуге қажетті құжаттардың тізімімен БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайтындағы «Қызметтер – Зейнетақы төлемдері» бөлімінен танысуға болады. Бұл бөлімде төлем түріне және құжаттарды ұсыну тәсіліне қарай қажетті тізбе, қойылатын талаптар, өтініш бланкілері, оларды толтыру үлгілері және сенімхат үлгісі орналастырылған.
Сонымен қатар сайттың «Онлайн-сервистер» бөлімінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу үшін ұсынылатын құжаттарды алдын ала тексеру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл сервис «Төлемге арналған құжаттарды алдын ала тексеру» деп аталады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






