ҚР БҚДА ЭЫДҰ ҰСЫНЫСТАРЫ АЯСЫНДА ТАУАР НАРЫҚТАРЫНДАҒЫ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ТАЛДАУ ӘДІСТЕМЕСІН ЖАҢАРТТЫ

    Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) халықаралық тәжірибе мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) ұсынымдарын ескере отырып, тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау тәсілдерін жетілдірді.

    Өзгерістер ЭЫДҰ-ның 2025 жылы Қазақстанның бәсекелестік заңнамасы мен саясатына жүргізген сараптамалық шолуының ұсынымдары негізінде әзірленді. Олар экономикалық талдау сапасын арттыруға, бәсекелестіктің жай-күйін бағалаудың объективтілігін қамтамасыз етуге және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған.

    Құжат жобасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен салалық бизнес қауымдастықтарының қатысуымен жария талқылаудан өтті. Талқылау барысында келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарды Агенттік қарады.

    Негізгі өзгерістердің бірі – тауар нарықтарын талдау мерзімдерінің ұзартылуы. Жоспарлы талдау жүргізу мерзімі 6 айдан 12 айға дейін, ал жоспардан тыс талдау жүргізу мерзімі 3 айдан 6 айға дейін ұзартылды. Қажет болған жағдайда бұл мерзімдерді бір рет үш айға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Аталған өзгеріс ЭЫДҰ ұсынымдарын ескере отырып енгізілді. Ұйым бұған дейін қолданыста болған мерзімдердің мүше елдерде қолданылатын мерзімдерден едәуір қысқа екенін атап өткен болатын.

    Бәсекелестікті талдаудың экономикалық құрамдас бөлігі күшейтілді. Жаңартылған Әдістемеде нарықтық билікті бағалаудың қосымша құралдарын, оның ішінде Лернер коэффициенті мен сұраныстың айқаспалы икемділігін қолдану көзделген. Сондай-ақ нарықтық шоғырлану көрсеткіштерінің шекті мәндері нақтыланды. Бұл нарықтың құрылымдық сипаттамаларымен ғана шектелмей, бәсекелестік ортаны жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.

    Қорытындылардың объективтілігін арттыру мақсатында нарық динамикасын зерттеу кезеңі кеңейтілді. Жоспарлы талдау жүргізу кезінде нарықтың бес жыл ішіндегі жай-күйін зерделеу және бәсекелестіктің дамуына әсер ететін себеп-салдарлық байланыстарды анықтау көзделген. Сонымен қатар тауар нарықтарына кіру кедергілерін бағалау тәсілдері жетілдірілді.

    Талдау барысында пайдаланылатын ақпарат көздерінің аясы да кеңейтілді. Атап айтқанда, тауарлардың нақты өткізілуі туралы салық және кеден органдарының мәліметтерін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Бұл бастапқы деректердің анықтығын арттырып, есептеулердің дәлдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Бәсекелестік бейтараптықты қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жоспарлы талдауаясындамемлекеттің тауар нарықтарына қатысуының орындылығын бағалау және бәсекелестікті дамыту жөнінде ұсынымдар әзірлеу көзделген. Бұдан бөлек, жүргізілген талдау нәтижелері бойынша конгломераттарды айқындау тәртібі белгіленді.

    Рәсімдердің ашықтығы мен болжамдылығын арттыру мақсатында жоспарлы талдау жүргізу үшін тауар нарықтарын іріктеудің бірыңғай өлшемшарттар тізбесі бекітілді. Сондай-ақ талдаудың басталу күнін айқындау және оның нәтижелерін ресімдеу тәртібі нақтыланды. Талдау қорытындылары бойынша жасалған тұжырымдарға Агенттіктің тиісті бөлімшесінің басшысы қол қояды. Жаңа мән-жайлар анықталған жағдайда қорытындыларды қайта пысықтау мүмкіндігі қарастырылған.

    Енгізілген өзгерістер бәсекелестікті талдаудың ұлттық тәсілдерін ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесіне одан әрі жақындатуға, монополияға қарсы орган қабылдайтын шешімдердің негізділігін арттыруға және кәсіпкерлік қызмет үшін неғұрлым ашық әрі болжамды жағдайлар қалыптастыруға бағытталған.

    Әдістемені жетілдіру Қазақстанның тауар нарықтарындағы бәсекелестікті шектейтін факторларды анықтау және бәсекелестік ортаны дамыту жөніндегі шараларды әзірлеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі" жаңалықтары