«ШУАҚ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ: ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫ АРТАДЫ
Алакөл ауданының Қабанбай ауылында орналасқан «Шуақ» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жаңа әкімшілік-шаруашылық ғимаратының құрылысы толық аяқталды.
2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан азаматтарға стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда мекемеде 40 адам қызмет алады. Оларға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық және өзге де бағыттарды қамтитын сегіз түрлі қызмет ұсынылады.
Бұған дейін қолданыстағы ғимараттың мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан, қажетті арнайы бөлмелерге сұраныс туындаған еді. Осыған байланысты Жетісу облысы әкімінің қолдауымен жаңа ғимарат құрылысы қолға алынды. Жобалық-сметалық құжаттамасы 2023 жылы әзірленіп, 2025–2026 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Жаңа нысан орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтып, қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасауға және әлеуметтік қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында орталық құрылымынан мүгедектігі бар балаларға арналған күндізгі болу бөлімшесін ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама Үйгентас өңіріндегі ата-аналардың сұранысы негізінде қолға алынған.
Бөлімше жартылай стационар жағдайында жұмыс істеп, балаларға күндізгі уақытта әлеуметтік, медициналық, психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетеді. Оны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және қосымша штат бірліктерін қарастыру көзделген.
Аталған жұмыстар аудан тұрғындары үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, ерекше күтімді қажет ететін азаматтар мен олардың отбасыларына көрсетілетін қолдауды кеңейтуге бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








