Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері өңірде 165 несие беріліп, 39 кооператив құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстар Алакөл ауданында да жалғасып жатыр. Ауданда 4 кооператив құрылып, 17 несие берілген. Оның ішінде 15 жоба мал шаруашылығы саласына, ал 2 жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9 айда 2,3 млрд теңге игеріліп, 165 несие берілді. Соның нәтижесінде 39 кооператив құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Алакөл ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту аясында тәулігіне 8 тонна ет өнімін өндіретін ет өңдеу цехын кеңейту және 5 мың басқа арналған қой фермасын салу жобаларын іске асыру жоспарланған. Оған қажетті төмен пайызды несиелер берілді. Ендігі міндет – нысандарды жоспарға сәйкес пайдалануға беру, – деген Б. Исабаев аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған табысты жобалардың бірі – Үшарал қаласындағы ет өңдеу цехы.
«Дикош» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Динара Әділбаеваның айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауы оның арманын жүзеге асыруға мүмкіндік берген.
– Мамандығым – педагог-психолог, солай болғанмен тамақ әзірлеуге үнемі қызығатынмын. Сондықтан өз кәсібімді бастауды ұйғардым. Алдымен грант алып, үйде тапсырыспен тағам дайындауды қолға алдым. Кейін шұжық өнімдерін өндіре бастадым. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы көрмеге қатысып, 5 млн теңге көлемінде грант иелендім. Ғимаратты жалға алып, өзімнің өндірістік цехымды аштым. Екі жылдан кейін шағын фирмалық дүкенімді де аштым. Жартылай фабрикаттар мен дайын өнімдердің бірнеше түрін әзірлейміз. Осылайша, жергілікті үй шаруасындағы әйелдердің жұмысын жеңілдетуге тырысамыз. Өнімдерімізді Алматы қаласына да жөнелтеміз. Өз басым мемлекеттік қолдауға өте ризамын, соның арқасында кәсібімді аяққа тұрғыздым. Бұрын пәтер жалдап тұратынмын, қазір өз кәсібім бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында берілген жеңілдетілген несиеге жылқы сатып алдық, сол сияқты заманауи жабдықтар алдық. Қазіргі таңда 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын, – деді ол.
Жалпы, ауданда жыл басынан бері 5,5 мың тонна ет және 24,5 мың тонна сүт өндірілген. Ветеринариялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында қараша айында Көктұма, Жыланды, Ынталы ауылдарында 3 модульдік ветеринариялық пункт пайдалануға беріледі. Сонымен қатар соңғы 3 жылда ауданның 15 ауылдық округінде ветеринариялық пункттер салынды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков









