Ұлытау облысында су тасқыны кезеңіне дайындық барысы тексерілді

    1 / 6

    Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен су басу қаупі бар аумақтарға әуеден мониторинг жүргізді. Бұл туралы өңір басшысы Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

    Әуеден бақылау барысында жауапты қызмет өкілдерімен бірлесіп, өзен арналарының, су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, сондай-ақ елдімекендер маңындағы жағдай бағаланды.

    «Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Жауапты қызметтермен бірлесіп, жаз мезгілінде атқарылған жұмыстардың нәтижесін тексеріп, қосымша шаралар қабылдауды қажет ететін проблемалық учаскелерді анықтадық», – деді Есет Байкен.

    Мониторинг барысында су тасқынының алдын алу, ықтимал қауіп-қатерлерді азайту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да қарастырылды.

    Сонымен қатар тасқын суларын жинақтап, ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне пайдалану мүмкіндігі талқыланды. Осы мақсатта су алу құрылыстарын орналастыруға қолайлы аумақтарды зерделеу жоспарланып отыр.

    Облыс әкімі тиісті басқармалар мен жауапты қызметтерге жұмысты жалғастырып, су тасқыны кезеңіне дайындықты тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Басты міндет – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды алдын ала қабылдау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының әкімдігі" жаңалықтары