Қызылорда – Жезқазған автомобиль жолында ірі габаритті және ауыр салмақты көліктердің қозғалысына бақылау күшейтілді. Әсіресе, рұқсат етілген салмақ нормасынан асатын жүк тасымалына ерекше назар аударылып отыр, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі.
Бақылау іс-шаралары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған автомобиль жолдарының сапасын арттыру және еліміздің транзиттік әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында ұйымдастырылды.
Негізгі мақсат – жол жабынының сақталуын қамтамасыз ету және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру. Шамадан тыс жүк тиелген көліктер жолдардың тез бұзылуына әкеліп, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Қызылорда – Жезқазған тасжолы бақылау күшейтілген негізгі бағыттардың біріне айналды. Осындай жұмыстар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Астана – Петропавл» және «Омбы – Павлодар – Семей – Майқапшағай» автомобиль жолдарында да жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Көлік министрлігі Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарымен бірлесіп, көлік құралдарына белгіленген нормадан артық жүк тиегені үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық шараларды пысықтауда. Сондай-ақ ауыр салмақты көліктерді бақылау тетіктерін жетілдіру мәселесі қарастырылып жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады.









