Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымдық құрылысты дамыту жөнінде қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен барлық әкімдіктер мен әуежайлар өкілдерінің қатысуымен әуежай инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңес барысында ұшу-қону жолақтарын салу және реконструкциялау, жолаушылар терминалдарын жаңғырту, сондай-ақ әуежай инфрақұрылымын дамыту жобаларының іске асырылу барысы қаралды.
Әуежай инфрақұрылымын дамытудың 2029 жылға дейінгі үш жылдық жоспары аясында еліміздің 7 әуежайындағы ұшу-қону жолақтарын жаңғырту көзделген. Атап айтқанда, Астана, Шымкент және Ақтөбе қалаларында 3 жаңа ұшу-қону жолағын салу, сондай-ақ Алматы, Жезқазған, Тараз және Орал қалаларындағы қолданыстағы 4 ұшу-қону жолағын реконструкциялау жоспарланған.
Сонымен қатар аталған жоспар шеңберінде Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Жезқазған, Семей, Павлодар және Үржар әуежайларында жолаушылар терминалдарын салу және реконструкциялау көзделген.
Кеңес барысында жобалау-сметалық құжаттаманы уақтылы әзірлеу, қаржыландыру көздерін айқындау және жобаларды іске асырудың белгіленген мерзімдерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдар мен мүдделі ұйымдарға жұмысты жандандыру және инфрақұрылымдық жобалардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.









