Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерді іске асыру аясында «ҚазжолҒЗИ» АҚ жол объектілерін жобалау, олардың техникалық жай-күйін бағалау және пайдалану кезінде заманауи цифрлық технологияларды енгізуде. Ақпараттық модельдеуді (BIM) дамытуға, жол төсемдерін жобалау тәсілдерін жетілдіруге және көпір құрылыстарын зерттеп-қараудың цифрлық әдістерін қолдануғаерекше назар аударылып жатыр.
Президент Жолдауда елдің транзиттік әлеуетін нығайту үшін көлік инфрақұрылымын дамытудың және көлік саласын толық цифрландырудың маңыздылығын атап өтті. Осы басымдықтарды іске асыру шеңберінде институт жол объектілерінің өмірлік циклінің әртүрлі кезеңдерінде қолданылатын инженерлік шешімдерді жетілдіріп келеді.
2026 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстанда ұзындығы 100 метр және одан асатын көпірлерді жобалау кезінде ақпараттық модельдеуді қолдану міндетті болды. Бұл-ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 19 наурыздағы бұйрығында көзделген BIM технологияларына көшудің алғашқы кезеңі.
Алдағы уақытта BIM технологияларын қолдану аясы кеңейтіледі. 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл талап I және II санаттағы автомобиль жолдарына, ал 2030 жылдың1 қаңтарынанбастап жауапкершілігі үшінші деңгейдегі объектілерді қоспағанда, құрылыс объектілерінің барлық түріне қолданылатын болады.
Цифрлық жобалаудың нормативтік базасын дамыту мақсатында «ҚазжолҒЗИ» «Автомобиль жолдарында BIM технологиясын пайдалана отырып ақпараттық модельдеу» Қазақстан Республикасының ведомстволық ережелер жинағын әзірледі.
BIM технологияларын іс жүзінде қолдану институттың жобалау қызметінің бір бөлігіне айналды. «ҚазжолҒЗИ» ақпараттық модельдеу технологияларын пайдалана отырып әзірлеген алғашқы жоба – Орал қаласындағы көпір өткелі мен оған кіреберіс жолдардың жұмыс жобасы. Қазіргі уақытта жоба «Мемсараптама» РМК-да қаралуда.
Тағы бір маңызды бағыт – көпір құрылыстарын зерттеп-қарау және олардың пайдаланылуын басқару процестерін цифрландыру. Көпірлердің геометриялық параметрлері мен техникалық жай-күйі туралы дәл деректер алу үшін институт мамандары LiDAR технологиясын қолдана отырып, әуе және жерүсті лазерлік сканерлеу әдістерін, сондай-ақ фотограмметрияны пайдаланады. Бұл әдістер көпір құрылыстарының үшөлшемді модельдерін жасауға мүмкіндік береді. Алынған деректер құрылыстардың техникалық жай-күйін бағалау үшін пайдаланылады және кейіннен «ҚазжолҒЗИ» әзірлеген көпірлерді пайдалануды басқару жүйесіне енгізіледі. Жүйеде әрбір құрылыс туралы негізгі ақпарат, зерттеп-қарау нәтижелері және оның ағымдағы техникалық жай-күйі туралы мәліметтер жинақталады.
Цифрлық технологияларды енгізумен қатар,«ҚазжолҒЗИ» автомобиль жолдарын жобалау және жөндеу тәсілдерін де жетілдіруде. Атап айтқанда, I–V санаттағы автомобиль жолдары үшін жол төсемдерін күшейтудің есептік нұсқаларын көздейтін «Автомобиль жолдарын орташа жөндеу кезіндегі жол төсемдерінің үлгілік конструкциялары» ҚР ВЕЖ жобасы әзірленді. Үлгілік шешімдерді қолдану жол жабынының техникалық жай-күйі мен нақты учаскенің ерекшеліктерін ескере отырып, жобалау құжаттамасын әзірлеуді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар институт халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуде. Польшаның Жолдар мен көпірлер ғылыми-зерттеу институтымен (IBDiM) бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізу, пилоттық жобаларды іске асыру, сондай-ақ Қазақстанның климаттық, геологиялық және пайдалану ерекшеліктерін ескере отырып, көпір құрылыстарының үлгілік конструкцияларын қолдану жөніндегі нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу жоспарлануда.
Нормативтік базаны жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді жұмыс жобалау құжаттамасының сапасын арттыруға, инженерлік шешімдердің негізділігін қамтамасыз етуге және көпір құрылыстарының сенімділігін нығайтуға бағытталған. Аталған бастамаларды іске асыру Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуына, жол инфрақұрылымының дамуына және Қазақстанның транзиттік әлеуетінің нығаюына үлес қосады.








