Шымкент қаласында авторлық құқықтарды қорғау, шығармашылық туындыларды цифрлық жүйеге тіркеу және авторлық сыйақыларды төлеу тәртібін түсіндіру мақсатында ақындар, композиторлар, әншілер мен өзге де шығармашылық сала өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институтының» Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы Асанова Жанна Бейсенғалиқызы, сондай-ақ аталған институттың өкілі Ұлханова Аружан Асылбекқызы, Шымкент қаласының Әділет департаментінің басшысы Исабекова Айнұр Ақжігітқызы қатысты.
Кездесу барысында авторлық құқықтарды қорғау саласындағы өзекті мәселелер, авторлар мен құқық иеленушілердің заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ QazCopyright бірыңғай цифрлық платформасының мүмкіндіктері талқыланды.
Аталған жүйе арқылы шығармалардың қайда және қалай пайдаланылғанын, сондай-ақ авторларға төленетін сыйақыларды қадағалау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өз кезегінде авторлық сыйақылардың әділ әрі ашық бөлінуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар шығармашылық сала өкілдеріне цифрлық платформаға тіркелу, жеке кабинет ашу, авторлық туындылар туралы мәліметтерді енгізу және авторлық сыйақы алу тәртібі түсіндірілді.
Кездесу барысында қатысушылар авторлық құқықтарды қорғау, шығармаларды цифрлық жүйеге енгізу және авторлық сыйақыларды төлеу мәселелері бойынша сұрақтар қойып, тиісті түсіндірмелер алды.









