Лудоманияжәне мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі
Лудомания (құмар ойындарға тәуелділік) – адамның жеке өміріне ғана емес, сонымен қатар оның кәсіби қызметіне де кері әсерін тигізуі мүмкін өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі.
Мемлекеттік қызметші үшін құмар ойындарға әуестену қаржылық тұрақсыздыққа, қарыздық міндеттемелердің туындауына, еңбекке қабілеттіліктің төмендеуіне, өзін-өзі бақылауды жоғалтуға және соның салдарынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне алғышарттар туындауына әкеп соғуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметшілер адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа алуға, қоғам тарапынан жоғары сенім деңгейін сақтауға және өздерінің мінез-құлқымен мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға ықпал етуге тиіс.
Мемлекеттік қызметшінің лауазымдық міндеттерін орындау үшін ғана емес, сонымен қатар заңнамада белгіленген шектеулер мен моральдық-әдептік нормаларды сақтау үшін де жауапты екенін есте ұстау қажет.
Құмар ойындар саласындағы қызметтік әдеп талаптары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерге ерекше назар аудару қажет. Атап айтқанда, Әдеп кодексінің 3-тарауының 6-тармағының 10) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемелеріне барудан тартынуға міндетті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде Интернет желісі арқылы құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуына шектеу белгіленген.
Аталған талаптардың тек қызметтік тәртіпті сақтау үшін ғана емес, сонымен қатар ойынға тәуелділіктің, қаржылық дәрменсіздіктің және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталғанын түсіну маңызды. Оларды бұзу заңнамада көзделген салдарға, тіпті атқаратын лауазымынан босатуға дейін әкеп соғуы мүмкін.
Өзінің мінез-құлқына жауапкершілікпен қарау, қаржылық тәртіпті сақтау және заңнамалық шектеулерді орындау мемлекеттік қызметшінің кәсіби мәдениетінің маңызды құрамдас бөліктері болып табылады.









