Атырау облысында 30 «АТОМ ИС» бейнебақылау кешені пилоттық режимде жұмыс істей бастады

    Құрметті жол қозғалысына қатысушылар!
    Өңірімізде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 30 «АТОМ ИС» автоматтандырылған бейнебақылау кешені орнатылып, пилоттық режимде жұмыс істей бастады.
    Кешен жол қозғалысы ережелерін бұзудың бірнеше түрін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда:
    - белгіленген жылдамдықты, оның ішінде орташа жылдамдықты асыру;
    - қауіпсіздік белдігін тақпау;
    - көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану;
    - жол белгілері мен жол таңбаларының талаптарын бұзу.
    Орташа жылдамдық қалай есептеледі?
    Мысалы, жолдың бір бөлігінде бір-бірінен 10 шақырым қашықтықта екі камера орнатылған. Бірінші камера көліктің бақылау нүктесінен өткен уақытын тіркейді. Екінші камера келесі нүктеден өткен уақытын белгілейді. Жүйе осы екі нүктенің арақашықтығы мен көліктің жүрген уақытын есептеп, орташа жылдамдығын анықтайды.
    Егер жол бөлігінде рұқсат етілген жылдамдық сағатына 60 шақырым болса, 10 шақырымды жүріп өтуге кемінде 10 минут қажет. Ал жүргізуші бұл қашықтықты 5 минутта жүріп өтсе, оның орташа жылдамдығы сағатына 120 шақырым болады. Бұл белгіленген жылдамдық режимінің асырылғанын көрсетеді.
    Сондықтан камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендету жеткіліксіз: жүйе екі бақылау нүктесінің арасындағы орташа жылдамдықты есептейді.
    Кешендерді енгізудегі мақсат — жүргізушілерді жазалау емес, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына ықпал ету, апаттардың алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.
    Жол қауіпсіздігі — баршамызға ортақ жауапкершілік!
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының Полиция департаменті" жаңалықтары