Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгіну үшін қажетті құжаттар тізімі.
Еңбек құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Абай облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне өтінішпен жүгінуге болады.
Өтінішті қарау және еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау шараларын қабылдау үшін төменде көрсетілген құжаттарды ұсыну қажет:
• Еңбек құқықтарының бұзылуы туралы мән-жайлар толық көрсетілген өтініш (тексеріс мерзімін айқындау).
• Еңбек шартының көшірмесі.
• Жалақының есептелуі мен төленуін растайтын құжаттар (жалақы төлеу ведомосынан үзінді көшірме және өзге де құжаттар).
• Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналарының аударылғаны туралы үзінді көшірме.
• Жұмысқа қабылдау, басқа жұмысқа ауыстыру және еңбек шартын тоқтату туралы жұмыс беруші актілерінің (бұйрықтарының) көшірмелері.
• Еңбек құқықтарының бұзылу фактілерін растайтын өзге де құжаттар мен дәлелдемелер.
Ұсынылған құжаттар өтініште көрсетілген мән-жайларды жан-жақты қарауға, еңбек құқықтарының бұзылу фактілерін анықтауға және заңнамада белгіленген негіздер болған жағдайда мемлекеттік бақылау шараларын қабылдауға негіз болады.