Қазақстан өңірлерінен келген фермерлер Алматыға арзандатылған бағамен 400 тоннадан астам азық-түлік әкеледі

    1 / 3

    31 қазан мен 1 қараша күндері Алматыда Қазақстанның өңірлері мен Алматы қаласының фермерлері және тауар өндірушілері қатысатын кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Сатып алушыларға орташа нарықтық бағадан 8-20%-ға төмен бағамен 400 тоннадан астам өнім ұсынылады. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының өкілдері айтты.

    Жәрмеңке Қазыбек би көшесінің Абылай хан даңғылы мен Панфилов көшесі аралығындағы бөлігінде ұйымдастырылады. Қала тұрғындары ет, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері мен басқа да азық-түлік түрлерін тікелей өндірушілерден сатып ала алады.

    Жәрмеңкеге қатысушылар жалпы 170 тонна көкөніс, 100 тонна ет өнімдерін, 70 тонна сүт өнімдерін және 50 тонна жеміс-жидек әкелуді жоспарлап отыр.

    Өнімдерді тікелей сату тұрғындарға делдалдардың қосымша үстеме бағасыз жаңа жиналған көкөніс пен жеміс-жидекті және басқа да балғын азық-түлікті сатып алуға, ал отандық фермерлерге өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

    Жәрмеңке Алматының азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, отандық өндірушілерді қолдауға және еліміздің өңірлерінен ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізуді дамытуға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары