Алматы музейінде альпинизм тарихына арналған көрме ашылды

    1 / 7

    Алматы музейінде 28 қазанда «Аспанмен астасқан шыңдар» атты көрме ашылды. Экспозиция Алматыдағы альпинизмнің тарихына арналған. Көрмеге архив құжаттары, фотосуреттер, танымал альпинистердің жеке заттары мен тау шыңдарына көтерілгенде пайдаланылған құрал-жабдықтар қойылған. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері айтты.

    Көрме Алматы қаласы әкімдігінің, қалалық Музейлер бірлестігі мен Алматы альпинистерін даярлау орталығының қолдауымен, Қазақстанның тау гидтері мен көшбасшылары ұлттық қауымдастығының қатысуымен ұйымдастырылды.

    Экспозицияда альпинизмнің 1930 жылдардан бүгінге дейінгі тарихы қамтылған. Келушілер тау спорт түрінің қалыптасуы, кеңестік кезеңдегі альпинистердің жетістіктері, Қазақстандағы алғашқы әйел альпинистер және қазіргі кездегі тау шыңдарына өрлеу тәжірибесі туралы біле алады.

    «Бұл көрме Алматыдағы альпинизмнің қалыптасуы мен даму тарихымен таныстырып қана қоймай, осы саланың өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Алматы қаласы Музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.

    Көрменің ашылуына Эверест шыңын бағындырған алғашқы қазақстандықтардың бірі Қазбек Уәлиев, альпинизмнен әлемнің екі дүркін чемпионы Леонид Крупа, «Жеті шың» бағдарламасын орындап, Эверестке көтерілген алғашқы қазақ қызы Анар Борашева және альпинизм қауымдастығының өкілдері қатысты.

    Қазбек Уәлиев көрмеге қойылған тарихи фотосуреттерге ерекше тоқталды.

    «Қазақстандағы альпинизм тарихының тамыры тереңде жатыр. Алматы альпинистері отандық тау спортының дамуына зор үлес қосты. Экспозиция маған өте ұнады. Әсіресе, тарихи фотосуреттер назарымды аударды», – деді ол.

    Көрме Қабанбай батыр көшесі, 132 мекенжайында бір ай бойы жұмыс істейді. Оны сейсенбіден жексенбіге дейін сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін тамашалауға болады. Дүйсенбі – санитарлық күн.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары