Алматыда көріктендіру ережесін бұзған 43 құрылыс компаниясына 5,7 млн теңге айыппұл салынды

    1 / 7

    Алматыда биылғы 30 қыркүйектен бастап жүргізілген құрылыс нысандарына мониторинг қорытындысы бойынша көріктендіру ережесін бұзған 43 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,7 млн теңге. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады.

    Тексеру қаланың барлық ауданында құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде экологиялық талаптар мен көріктендіру ережесінің сақталуын бақылау мақсатында ұйымдастырылды.

    Тротуарларға брусчатка төсеу және жиектас орнату кезінде заң бұзушылықтың көп болғаны анықталды. Белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін 33 компания жауапкершілікке тартылды. Бұл тәртіп бұзған компаниялардың жалпы санының 77%-ы.

    Сонымен қатар ғимараттардың қасбетін жөндеу кезінде талаптарды бұзған бес ұйымға, кәріз және инженерлік желілерді тарту барысында төрт компанияға, ал арық желілерінде жұмыс жүргізу кезінде заңбұзушылыққа жол берген бір компанияға айыппұл салынды.

    Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 1 340 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), яғни 5,7 млн теңге болатын әкімшілік айыппұл салынды.

    Құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу Алматы аумағында экологиялық талаптар мен көріктендіру ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары