Жеке қабылдауда тұрғындардың өтініштері қаралды

    1 / 11

    Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
    Келушілердің көтерген мәселелері негізінен әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, ауызсумен қамтамасыз ету және жұмыспен қамтуға байланысты.
    «Саяхат» шағын ауданының тұрғыны ауызсу, газ, электр желілері және жолға қатысты түйткілдерге тоқталды. Қазір газ бен ауызсудың жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
    Ал электр желілерін тарту жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Құрылыс-монтаждауға қажетті қаражат бөлініп, мердігер мекеме анықталды. Жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жоба аясында Т.Бұлғақұлы көшесіне де электр желісі тартылады. Айта кету керек, бұл көшеге өткен жылы «РиА Сервис ЛТД» ЖШС асфальт төсеген.
    Қабылдауда бірінші топтағы мүгедектігі бар қала тұрғыны жұмыс орнына қатынаудағы қиындықтарды айтып, көмек сұрады. Мәселе заң аясында қарастырылып, тиісті қолдау көрсетіледі.
    «Бәйтерек» шағын ауданының тұрғыны үй жағдайын жақсартуға қатысты өтінішін білдірді. Ол 2005 жылы кезекке тіркеліп, 2019 жылы «Бәйтеректен» жер учаскесін алған. Сол учаскеге уақытша жазғы құрылыс салған. Алайда жұмысы толық аяқталмаған, тұруға қолайлы жағдай жасалмаған. Өтінішке сәйкес жазғы құрылысты жөндеудің жолы қарастырылып, тиісті көмек көрсетіледі.
    Қабылдауға келген азаматтар көтерген мәселелерді жан-жақты қарап, заң аясында шешу және тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
    Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына тұрғындар eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы жазылады немесе әкімдікке жазбаша өтініш қалдыра алады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қызылорда облысының әкімдігі" жаңалықтары