Жоба аясында Атырау қаласында 2, облыс аудандарында 7 кеш ұйымдастырылды. Кезекті іс-шараға Арын Құнанбайұлы, Әділет Сүйінғалиұлы, Бақытгүл Бабаш және Нұрбол Маратұлы қатысты.
Кеш барысында ұлттық құндылықтар, ұрпақ сабақтастығы, мәдени мұра мен рухани тәрбие тақырыптары қозғалды. Бұл жолғы кездесудің негізгі өзегі – отбасы құндылығы. Спикерлер отбасының адам өміріндегі орнына тоқталып, ұлттық тәрбиенің ұрпақ қалыптастырудағы маңызы туралы ой бөлісті.
– Ұлттық тәрбие, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың барлығы отбасынан басталады. Біз осы құндылықтардың бүгінгі қоғамдағы маңызын айтып, көрерменмен ой бөлісуді мақсат еттік, – деді спикер Нұрбол Маратұлы.
Айта кетейік, жоба аясында өткен кештерге қатысқан 3500 көрерменнің шамамен 2100-і – жастар. Бұл көрсеткіш жас буынның ұлттық тарих, мәдениет, рухани тәрбие мен қоғамдық құндылықтар тақырыптарына қызығушылығын аңғартады.









