Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов ел мен өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградалар табыс етті.
Марапатталғандар қатарында үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері де бар. Атап айтқанда, «Өмір гүлі» Атырау облыстық мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тыныш Джакупова, «Әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қоры» қоғамдық қорының жетекшісі Ирина Горбаченко және «Атырау – Маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерлан Күмісқалиев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бұл марапат – азаматтардың елдің дамуына, қоғамның өркендеуіне және әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына қосқан үлесі мен адал еңбегінің лайықты бағасы.
Айта кетейік, Тыныш Джакупова – «Өмір гүлі» шығармашылық орталығының жетекшісі. 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықта 100-ден астам ерекше қажеттілігі бар азамат шығармашылықпен айналысып, 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тәрбиеленушілер түрлі деңгейдегі байқауларда жетістікке жетіп, инклюзивті мәдениетті дамытуға үлес қосып келеді.
Ирина Горбаченко – 2021 жылдан бері «Әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қоры» қоғамдық қорының жетекшісі. Оның басшылығымен жүзеге асырылған «Жарқыра» бағдарламасы аясында 84 әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісіне қолдау көрсетіліп, 200 миллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Нәтижесінде 350-ден астам жұмыс орны ашылып, өңір тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсету мүмкіндігі кеңейген.
Ал, Ерлан Күмісқалиев – 2013 жылы «Атырау – Маленькая страна» қоғамдық бірлестігін құрған. Оның бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылып, иппотерапия және канистерапия әдістері енгізілді. Бүгінде орталық 120-дан астам отбасымен жұмыс жүргізіп, жыл сайын жүзден астам балаға оңалту қызметін көрсетеді. 2019–2025 жылдары Атырау қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы болған.
Марапат иелерін құттықтаймыз! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, бастамаларыңыз қоғам игілігіне қызмет ете берсін!








