Елорданың Сарыарқа ауданында заңсыз граффитилерді бояп, өшіруге арналған акция өтті. Іс-шараны «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы аудан әкімдігімен бірлесіп, қаладағы тәртіп пен тазалықты сақтау, елорданың көрікті келбетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акцияға қатысушылар ғимараттардың қасбеттері мен қалалық инфрақұрылым нысандарындағы рұқсатсыз салынған суреттерді өшірді. Іс-шараға театр және кино актері Асылбек Әйтіш те қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жазуларды өшірумен ғана шектелмейді. Оның аясында балалар алаңдарын жөндеу жұмысы да жүргізіледі.
Акцияға елордалық оқу орындарының оқушылары мен студенттері, яғни қаланың еріктілері белсенді қатысты.
«Біздің жастар қалалық және республикалық деңгейдегі түрлі іс-шараға қатысады. Оларды әлеуметтік желілер арқылы және таныстар арқылы шақырамыз. Көбіне өздері келіп, осындай пайдалы акцияларға атсалысуға ниет білдіреді», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Камилла Мұқатаева.
Ол заңсыз графитилер жиі салынатын орындарды атап, астаналықтардың оларды өшіруге қалай көмектесе алатынын да түсіндірді.
«Көбіне мұндай жазулар балалар және скейт алаңдарында, қараусыз қалған нысандарда, тозығы жеткен ескі ғимараттарда, сондай-ақ көпірлердің астында кездеседі. Тұрғындар заңсыз жазулар туралы аудан әкімдіктеріне, соның ішінде 2GIS сервисі арқылы хабарлай алады. Өтініштер қабылданып, өңделгеннен кейін әкімдік өкілдері бізге тексеретін орындардың мекенжайын жібереді», – деді ол.
Камилла Мұқатаева вандализмге қарсы акцияларға танымал адамдарды тартудың себебін де түсіндірді.
«Танымал тұлғалардың қатысуы іс-шараларымыздың ауқымын кеңейтіп, акцияларға деген қызығушылықты арттырады деп сенеміз. Осылайша белсенді жастардың қатарын көбейтіп, оларды ортақ бастамаларға көбірек тарта аламыз», – деді ол.
#законипорядок #заңментәртіп









