Бала құқығын қорғау: елорда мектебінде халықаралық тәжірибе алмасу өтті

    1 / 3

    Астанадағы №101 «Келешек мектебіне» Орталық Азия елдерінің бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің II халықаралық форумы аясында шетелдік мамандар келді. Делегация құрамында БҰҰ мен ЮНИСЕФ өкілдері, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, сондай-ақ Қазақстан, Қытай, Жапония, Финляндия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның бала құқықтарын қорғау саласындағы мамандары болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Іс-шараның құрметті қонағы - БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі, доктор Наджат Маалла Мджид. Форумның мақсаты - балалардың құқығын қорғау, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және тәрбие жұмысын ұйымдастыру бағытындағы Қазақстан тәжірибесімен танысу.
    Мектепке келген құрметті қонақтарға оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі таныстырылды. Атап айтқанда, Freedom Telecom платформасы арқылы Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау жүйесі және жасанды интеллект негізінде қауіпсіздікке қатысты оқиғаларды анықтауға мүмкіндік беретін Kepler Vision платформасының жұмысы көрсетілді.

    Сонымен қатар делегация мүшелері психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу кабинеттерін аралап, оқушыларға қолдау көрсету тетіктерімен, күрделі жағдайларда қолданылатын іс-қимыл алгоритмдерімен және BALAZHAN платформасының мүмкіндіктерімен танысты.
    Тәрбие бағыты бойынша «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы, «ДосболLIKE» жобасы, қауіпсіздік сабақтары мен «Жеке қауіпсіздік» курсын ұйымдастыру тәжірибесі ұсынылды.

    Бұдан бөлек, қонақтарға №214 AI кабинетінде және STEM AI кабинетінде жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісінде қолдану мүмкіндіктері, оқушылардың STEM жобалары мен заманауи білім беру шешімдері таныстырылды.

    Халықаралық делегацияның сапары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау саласындағы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

    Баланың құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапалы білім алуына жағдай жасау - ортақ міндет.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары