Табиғат қорғау прокуратурасы, Полиция департаменті және Павлодар қаласы әкімдігінің «Заң мен тәртіп» идеологемасы мен «Таза Қазақстан» акциясын іске асыру аясындағы бірлескен жұмысының нәтижесінде қоқыс үйінділері жүйелі түрде пайда болатын орындарға полиция мен прокуратураның Жедел басқару орталықтарына (ЖБО) интеграцияланған бейнебақылау камералары орнатылды.
Аталған шаралар арнайы белгіленген орындардан тыс жерлерге қалдықтарды төгу фактілерінің жолын кесуге және оларды анықтауға бағытталған.
Бейнебақылау камераларының мониторингі барысында Шығыс өнеркәсіптік аймағында «КАМАЗ» жүк көлігімен қатты тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгу фактісі тіркелді.
Құқық бұзушы туралы мәліметтер дереу полицияның кезекші бөліміне беріліп, кінәлі тұлға ұсталды. Материалдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тарту үшін Экология департаментіне жолданды.
Сонымен қатар, Екібастұз өңірінде Екібастұз қаласының прокуратурасымен бірлесіп, кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісі анықталды.
Өндіру жұмыстары тоқтатылып, арнайы техника айып тұрағына қойылды. Экологиялық залалды анықтау және одан әрі тиісті шаралар қабылдау үшін материалдар Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасына жолданды.
Экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу, сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасының талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.









