Павлодарда прокурорлар өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде режим талаптарының сақталуы және тыйым салынған заттардың мекемеге жеткізілу арналарының анықталуы бойынша тексерулер жүргізді.
Мекемелердің біріндегі үй-жайдан 15 смартфон, 6 Wi-Fi-роутер, сымсыз және сымды құлаққаптар, USB-кабельдер, флеш-карталар, Sony PlayStation ойын приставкасы және басқа да заттар анықталып, тәркіленді. Аталған заттарды сотталғандарға сақтауға және пайдалануға тыйым салынған.
Осы факті бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 371-бабы (салғырттық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.
Қазіргі уақытта тыйым салынған заттардың режимдік объектіге қалай түскені, оларды ішке өткізу арналары және оған қатысы бар тұлғалар анықталуда.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.





