Республика күні мерекесіне орай қайта жаңғыртудан өткен Тараз қаласының теміржол вокзалы ел игілігіне берілді.
Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, сала қызметкерлері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы бұл жобаның облыстың көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған жоба нәтижесінде вокзалдың ғимараты ғана емес, перроны, нысанның алаңы мен аумағы толықтай жаңа кейіпке енді.
Жалпы, Тараз теміржол вокзалының тарихы бір ғасырдан астам уақытты қамтиды. 1920 жылдың қарашасында Арыс–Бішкек теміржол желісі сол кездегі Әулиеатаға, қазіргі Тараз қаласына дейін жетті.
Ал 1930 жылы Түркістан–Сібір теміржол магистралінің іске қосылуы өңірдің көлік қатынасын кеңейтіп, қаланың маңызды теміржол орталығы ретінде қалыптасуына ықпал етті.
Вокзалдың қазіргі негізгі ғимараты 1986 жылы пайдалануға берілген. Содан бері ол қаланың көрнекті нысандарының біріне айналып, мыңдаған жолаушыға қызмет көрсетіп келеді.
2013 жылы осы нысанға күрделі жөндеу жүргізілсе, 2025 жылдан бастап вокзалды кешенді жаңғыртудың жаңа кезеңі басталды.
Бүгінде вокзал қысқы мезгілде күніне шамамен 2,5 мың, жазда 3 мың жолаушыға қызмет көрсетеді.
Нысанның сыйымдылығы – 600 адам, күту залы 200 жолаушыға арналған. Вокзал 30-дан астам жолаушылар пойызын қабылдауға қауқарлы. Жаңғырту жұмыстары осындай қарқынды жолаушылар ағынына сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.









