МОБИЛЬДІ АУДАРЫМДАР: ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА САЛЫҚ ТӨЛЕУ ҚАЖЕТ?

    Абай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мобильді аударымдар бойынша салық төлеушілерді хабардар ету және камералдық бақылау жүргізу тәртібін түсіндіреді.

    Екінші деңгейдегі банктерден мобильді аударымдар туралы ақпараттың мемлекеттік кірістер органдарына түсуі салықтың автоматты түрде есептелетінін білдірмейді.

    Жұмыс екі кезеңде жүргізіледі.

    1-КЕЗЕҢ.
    АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

    Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 93-бабына сәйкес, мемлекеттік кірістер органдары мобильді аударымдар туралы мәліметтер негізінде кіріс алу белгілерінің бар екендігі туралы салық төлеушілерді хабардар етеді.

    Мұндай хабарлама ақпараттық сипатта болады және оған жауап беру талап етілмейді.

    Хабарламаны алу салық төлеушінің құқық бұзушы деп танылғанын немесе оған салық есептелгенін білдірмейді.

    2-КЕЗЕҢ.
    КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ

    Негіздер болған жағдайда мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген тәртіппен камералдық бақылау жүргізеді.

    Бақылау нәтижесінде сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, салық төлеушіге Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 137-бабына сәйкес хабарлама жіберіледі.

    Хабарламаны орындау мерзімі — ол тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні.

    САЛЫҚ ТӨЛЕУШІ НЕНІ БІЛУІ КЕРЕК?

    Екі құжаттың айырмашылығын білу маңызды:

    ▪️ Кіріс алу белгілері туралы ақпараттық хабарлама — салық төлеушіге ақпарат береді және оған жауап беру талап етілмейді.

    ▪️ Камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарлама — сәйкессіздіктер анықталған жағдайда жіберіледі және белгіленген мерзімде орындалуға тиіс.

    Егер салық төлеуші камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарлама алса, көрсетілген сәйкессіздіктерді мұқият зерделеп, қойылған талаптарды 30 жұмыс күні ішінде орындауы қажет.

    Маңызды

    Мобильді аударымдарды алу фактісінің өзі салықты автоматты түрде есептеуге негіз болмайды. Салық міндеттемелері заңнамада белгіленген жағдайлар мен талаптарды ескере отырып айқындалады.

    Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ескертеді:
    келіп түскен хабарламалармен уақытылы танысып, салық заңнамасының талаптарын сақтаңыз!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары