Қазақстанда сатып алушының жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) фискалдық чекте көрсету талабы бірнеше жылдан бері қолданылады. Алайда 2026 жылғы 19 қыркүйектен бастап ақылы медициналық қызметтерге қатысты жеке міндетті талап енгізілді.
Қарапайым дүкендерде ЖСН бұрынғыдай сатып алушының қалауы бойынша көрсетіледі. Бұл мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарына қандай мақсатта қажет болуы мүмкін? ЖСН-ді хабарлаудан бас тартуға бола ма? Ал чекте басқа адамның нөмірі көрсетілсе, не болады?
ЖСН-ді көрсету тәртібі
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап заңнамада сатып алушының талабы бойынша бақылау-кассалық машинаның (БКМ) чегінде оның сәйкестендіру нөмірін — ЖСН немесе БСН-ді көрсетуге мүмкіндік беретін жалпы талап бекітілді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бақылау-кассалық машиналарды қолданудың жаңа қағидалары күшіне енді. Бұл қағидалар бұрынғы тәртіпті сақтап, ЖСН-ді чекте сатып алушының өтініші бойынша көрсету қағидатын бекітті.
Алайда 2026 жылғы қыркүйектен бастап ақылы медициналық қызметтер саласына қатысты жеке талап енгізілді. Медициналық қызметтер көрсетілген кезде пациенттің ЖСН-і оның өтінішіне қарамастан фискалдық чекте міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
Бұл міндетті талап дәріханалардан сатып алынатын дәрілік заттарға қолданылмайды.
Аталған талап деректерді тіркеу және беру функциясы бар онлайн-БКМ қолданатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға, оның ішінде медициналық ұйымдарға қатысты қолданылады.
Чекте ЖСН не үшін қажет?
ЖСН-ді көрсету есеп айырысулардың ашықтығын арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға ықпал етеді. Сондай-ақ заңнамада көзделген жағдайларда салықтық шегерімдерді қолдану кезінде шығыстарды растау үшін пайдаланылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, фискалдық чектердегі мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау жүргізу кезінде, оның ішінде жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстарын салыстыру үшін пайдалана алады.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!
Фискалдық чектің мазмұнына қойылатын талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ЖСН немесе БСН көрсету міндетті болған жағдайларда тиісті деректемелердің болмауы заңнамада көзделген шаралардың қолданылуына әкеп соғуы мүмкін.
Қорытынды: қарапайым сауда орындарында сатып алушының ЖСН-і оның қалауы бойынша көрсетіледі. Ал ақылы медициналық қызметтер көрсету кезінде ЖСН-ді көрсету міндетті.








