Құрметті облыс тұрғындары мен жол қозғалысына қатысушылар!
30 қазаннан бастап Жетісу облысының автомобиль жолдарында жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйесі кеңейтілген режимде жұмыс істей бастайды. Қазіргі таңда «Сергек» жүйесі 34 бекетте орнатылып, 216 камераны қамтиды. Олар жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.
Камералар белгіленген жылдамдықты, оның ішінде орташа жылдамдықты асыруды, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтуді, жол белгілері мен таңбаларының талаптарын бұзуды, қызыл жарықта тоқтау сызығын кесіп өтуді, тоқтау және тұраққа қою қағидаларын бұзуды, жаяу жүргіншілерге жол бермеуді, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалануды және қауіпсіздік белдігін тақпау фактілерін тіркейді.
Орташа жылдамдықты бақылау мына учаскелерде жүзеге асырылады:
Үшарал — Достық автожолы, Жайпақ ауылының маңында;
Үшарал — Достық автожолы, Ақши ауылының маңында;
Алматы — Қорғас автожолы, Жаркент жолөткізгішінің маңында;
Алматы — Қорғас автожолы, Көктал жолөткізгішінің маңында.
Жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын және белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, жаяу жүргіншілерге жол беруге, сондай-ақ көлік басқару кезінде ұялы телефонға алаңдамауға шақырамыз.
Бұл шаралардың басты мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алу және адам өмірін сақтау. Естеріңізде болсын: жолдағы қауіпсіздік әрқайсымызға байланысты!








