Жетісу облысының полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл ретте тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де ерекше назар аударылады.
Мәселен, Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы жолдың белгіленбеген жерінен өту деректері анықталды.
Алаңдатарлық жайт — мұндай құқық бұзушылықтарға өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс ересектердің де жол беруі. Заңды өзің сақтамай тұрып, өзгелерден оны орындауды талап етуге болмайды. Өйткені балалар үлкендердің іс-әрекетіне қарап бой түзейді.
Жол қателікті кешірмейді. Жүргізуші дер кезінде әрекет еткеннің өзінде, көлікті бірден тоқтату әрдайым мүмкін бола бермейді. Егер жаяу жүргінші кенеттен жолға шығып кетсе, жүргізуші көлікті уақытында тоқтатып үлгере ме? Мұндай тәуекел адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Полиция азаматтарды жолды тек белгіленген жерлерден кесіп өтуге, жол қозғалысы қағидаларын сақтауға және балаларға дұрыс үлгі көрсетуге шақырады.
Қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады!








