Ақтөбеде Республика күніне орай өңір педагогтері марапатталды

    Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі – Республика күні қарсаңында Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында облыс педагогтерін ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Көпжылдық адал еңбегі, кәсіби шеберлігі және білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін мұғалімдер мен сала қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды.

    «Құрметті әріптестер! Еліміздегі басты мемлекеттік мерекелердің бірі қарсаңында Қазақстанның дамуына күнделікті еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдіру үшін жиналып отырмыз. Биыл Мемлекет басшысы өз саласында адал еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл – мемлекеттің әр адамның еңбегін бағалайтынының айқын көрінісі.

    Жаңа оқу жылы басталғалы бері облысымыздың жеті педагогі де жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Бүгін біз өмірін білім беру мен бала тәрбиесіне арнаған ұстаздарды тағы да ұлықтап отырмыз.

    Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың атынан баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен береке, кәсіби табыс тілеймін. Балалармен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік пен ерекше қасиеттерді талап ететін мамандық. Бұл салада өз ісін шын сүйетін адамдар ғана еңбек ете алады», – деді Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Булбул Күзембаева.

    Марапатталғандардың қатарында білім беру жүйесінің ардагерлері мен өңірдегі білім саласын дамытуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосып жүрген педагогтер бар.

    «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен Алға қаласындағы №3 қазақ орта мектебінің мұғалімі Қойшығұлова Бақытгүл және Хромтау қаласындағы №2 гимназияның педагогі Адылова Алтын марапатталды.

    «Еңбек ардагері» медалімен Ырғыз ауданы Құйылыс орта мектебінің еңбек ардагері Жұбандықова Жанбибі наградталды. Тағы бес педагог «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.

    Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен екі педагог марапатталса, тағы жеті ұстазға ведомствоның Алғысы жарияланды.

    Білім басқармасы басшысының Құрмет грамотасы 21 педагогке табысталып, тағы үш ұстаз Алғыс хатпен марапатталды.

    Сонымен қатар «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің атынан марапат иелеріне Бурабай – Зеренді өңіріне тарихи-танымдық сапарға жолдамалар берілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының білім басқармасы" жаңалықтары