Ақтөбеде теміржол саласы педагогтерінің республикалық кәсіби шеберлік конкурсы басталды

    Бүгін Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің базасында теміржол саласы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында республикалық кәсіби шеберлік конкурсы басталды. Іс-шараны Ақтөбе облысының білім басқармасы ұйымдастырып отыр.
    Өз сөзінде Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева өңірде балабақшада балаларды жұмысшы мамандықтарымен ерте таныстырудан бастап, колледждерде білікті мамандар даярлауға дейінгі үздіксіз кәсіптік білім беру жүйесі қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
    «Бүгінгі басты міндетіміз — сапалы білім беріп, еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлау. Кәсіптік бағдар беру жұмысы балабақшадан басталады. Өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдар базасында 20-дан астам кәсіптік шеберхана ашылып, балалар түрлі қызмет бағыттарымен танысып, алғашқы практикалық дағдыларды меңгеруде.
    Балабақша, мектеп және колледж — біртұтас білім беру жүйесінің өзара байланысты буындары. Бүгінгі конкурс — ең алдымен әріптестердің тәжірибесімен танысуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және озық әдістерді үйренуге мүмкіндік беретін алаң. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жоғары нәтиже тілеймін!» — деді Бұлбұл Күзембаева.
    Конкурсқа Қазақстанның 12 өңірі мен Ақтөбе облысынан 22 педагог қатысуда. Олардың кәсіби шеберлігі мен құзыреттілігін 25 сарапшы бағалайды.
    Қатысушылар үш негізгі құзыреттілік бойынша өз білімдері мен тәжірибелерін көрсетуде:
    «Теміржол көлігіндегі автоматика, телемеханика және қозғалысты басқару»,«Теміржолдың тартқыш жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету»,«Теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы».
    Конкурстың басты мақсаты — талантты әрі шығармашыл педагогтерді анықтау, олардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, озық тәжірибелерін тарату және теміржол саласы үшін кадрлар даярлау сапасын дамыту.
    Конкурс 28–29 қазан күндері жалғасады. Қорытындысы 29 қазанда жарияланып, жеңімпаздар мен үздік педагогтер анықталады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының білім басқармасы" жаңалықтары