Республика күні қарсаңында Ақтөбеде AQTOBE IT HUB инновациялық оқу орталығы ашылды

    Республика күні қарсаңында Ақтөбеде цифрлық құзыреттерді дамытуға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге және білім беру саласындағы инновациялық бастамаларды қолдауға бағытталған AQTOBE IT HUB инновациялық оқу орталығының ашылуы өтті.
    Жаңа орталықтың жұмысымен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров танысты. Сапар барысында ол оқытушылар құрамымен кездесіп, цифрлық білім беруді дамыту перспективалары мен заманауи технологияларды оқу үдерісінде қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
    AQTOBE IT HUB орталығының жобалық қуаттылығы – 300 оқушы орны. Қазіргі уақытта мұнда Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің студенттері білім алуда. Сонымен қатар, қосымша сабақтар аясында орталыққа Ақтөбе қаласындағы №23 және №40 мектептердің 8–10-сынып оқушылары да қатысады. Бұл – мектеп оқушылары үшін цифрлық дағдыларын дамытып, заманауи IT құралдарын меңгеруге және технологияның түрлі бағыттарында өз қабілеттерін сынап көруге мүмкіндік.
    Орталықта 21 оқу кабинеті жабдықталған, оның ішінде 12-сі оқушыларға арналған. Оқу кеңістіктері заманауи білім беру талаптарына сай жасақталған. Мұнда практикалық сабақтар өткізуге, жобалық жұмыстарды орындауға және цифрлық технологияларды меңгеруге барлық жағдай қарастырылған.
    Оқыту бес бағыт бойынша ұйымдастырылған: жасанды интеллект (AI LAB), робототехника (ROBOTICS LAB), 3D-модельдеу (3D DESIGN STUDIO), бағдарламалау (CODE SPACE) және цифрлық медиа (MEDIA LAB). Әр бағыт бойынша арнайы жабдықталған кеңістіктер қарастырылып, теориялық білімді практикалық жобалармен ұштастыруға мүмкіндік жасалған.
    Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Болатұлы Отарбаев Tomorrow School мектебінде қолданылатын тәжірибе алмасу қағидаттарына негізделген оқыту тәсілдерін таныстырды. Сондай-ақ педагогтердің цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын меңгеру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының білім басқармасы" жаңалықтары