Ақтөбеде «Тең мүмкіндіктер» облыстық инклюзивті спорт фестивалі өтті

    «Қуат» спорт кешенінде «Тең мүмкіндіктер» облыстық балалар инклюзивті спорт фестивалі өтті. Жарысқа Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарындағы 49 мектептен 261 оқушы қатысты.
    Іс-шараны Ақтөбе облысының білім басқармасы, Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы және «Әділет» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы ұйымдастырды.
    Фестивальді Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Избасар салтанатты түрде ашты. Ол қатысушыларға сәттілік, көтеріңкі көңіл-күй және жарқын жеңістер тіледі. Сондай-ақ мұндай шаралардың инклюзивті ортаны дамытудағы маңызын атап өтті.
    Асхат Избасар «Әділет» партиясына фестивальді өткізуге тұрақты қолдау көрсетіп, іс-шараны ұйымдастыруға атсалысып келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
    Фестивальдің басты мақсаты — балалардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, өзара сенім мен сыйластықты нығайту, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың құрдастары арасындағы достық қарым-қатынасты қалыптастыру.
    Спорттық жарыстар қатысушыларға өз қабілеттерін көрсетуге, спорттық шеберліктерін шыңдауға және командалық өзара әрекеттің қуанышын сезінуге мүмкіндік берді.
    Фестиваль әр балаға тең мүмкіндік қалыптастыруға және инклюзивті спортты кеңінен насихаттауға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының білім басқармасы" жаңалықтары