Қазақстандық ғылыми әзірлеме Қытайда өткен ERSGIT 2026 конференциясында халықаралық деңгейде мойындалды

    1 / 2

    ҚР ӨҚМ «Минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталық» РМК филиалы – Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институты (бұдан әрі – Д.А. Қонаев атындағы ТКИ) ғалымдарының ғылыми жұмысы Қытайдың Нанкин қаласында өткен қоршаған ортаны қашықтан зондтау және геоақпараттық технологиялар жөніндегі V халықаралық ERSGIT 2026 конференциясында «Best Oral Presentation Award» (Үздік ауызша баяндама үшін марапат) наградасына ие болды. Форум Нанкин ақпараттық ғылымдар және технологиялар университетінің (Nanjing University of Information Science and Technology) базасында өтті.

    Д.А. Қонаев атындағы ТКИ ғалымдары су басқан Мирғалымсай кен орны мен оған іргелес Кентау қаласының аумағындағы деформацияларды кеңістіктік-уақыттық талдау нәтижелерін, сондай-ақ тау-кен кәсіпорындарындағы деформацияларды бақылауға арналған GeoMonitor.AI геоақпараттық веб-жүйесін әзірлеу нәтижелерін ұсынды.

    Зерттеу жұмысы PS-InSAR (Persistent Scatterer Interferometric Synthetic Aperture Radar – тұрақты шағылдырғыштар бойынша радиолокациялық интерферометрия) және SBAS-InSAR (Small Baseline Subset Interferometric Synthetic Aperture Radar – қысқа базалық сызықтар жиынтығы бойынша радиолокациялық интерферометрия) спутниктік радиолокациялық интерферометрия әдістерін жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің (GNSS) деректерімен ұштастыра қолдануға негізделген. Бұл кешенді тәсіл жер бетінің шөгу және көтерілу аймақтарын анықтауға, көлденең бағыттағы ығысуларды бағалауға және қосымша жерүсті зерттеуін қажет ететін учаскелерді белгілеуге мүмкіндік береді. Жұмыстың практикалық маңызы деформациялық үдерістерді бақылау жүйесін жетілдірумен және тау-кен өндіру кәсіпорындарындағы қауіпсіздікті арттырумен байланысты.

    GeoMonitor.AI геоақпараттық веб-жүйесі ( https://geomonitor.igd.com.kz:8080) кешенді жерүсті және ғарыштық мониторинг деректерін жинауға, талдауға және визуализациялауға арналған. Жүйе спутниктік InSAR талдауының нәтижелерін, GNSS бақылауларының деректерін, картографиялық қабаттарды, ықтимал қауіпті деформация аймақтары, суффозиялық-карстық үдерістердің даму қаупі бар учаскелер және қалалық инфрақұрылым нысандары туралы мәліметтерді біріктіреді.

    Жүйе мониторинг нәтижелерін интерактивті картада көрсетіп қана қоймай, ығысулардың уақыттық қатарларын талдауға, әртүрлі бақылау әдістерінің деректерін салыстыруға және одан әрі жерүсті бақылауын жүргізу үшін басым учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді. Әзірленген жүйе тау-кен бөліністерінің аумақтарын, оларға іргелес елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарын мониторингтеу кезінде қолданылады.

    «Біз үшін заманауи бақылау әдістерін практикалық цифрлық құралға біріктіруге болатынын көрсету маңызды болды. GeoMonitor.AI жекелеген деректерді кешенді аумақтық талдауға көшуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе тау-кен өндіру өңірлері мен оларға іргелес елді мекендер үшін аса маңызды», – деп атап өтті Д.А. Қонаев атындағы ТКИ-дің жетекші ғылыми қызметкері Амина Балтиева.

    Алынған марапат зерттеу нәтижелерінің халықаралық маңыздылығын растап, тау-кен өндіру саласына арналған заманауи цифрлық шешімдерді әзірлеудегі қазақстандық ғылымның әлеуетін көрсетеді. Конференцияға қатысу шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуға, халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға және спутниктік мониторинг пен геоақпараттық технологиялар саласындағы болашақ зерттеулердің перспективаларын айқындауға да ықпал етті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары