Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылдық округінің Сырдария елді мекенінде «Түркістан тоқыма» ЖШС-нің тағы екі мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Серіктестіктің алғашқы екі зауыты 2025 жылы пайдалануға берілген болатын. Осылайша, кәсіпорынның төрт зауыты да толық іске қосылды.
Жаңа өндіріс орындарының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы мұндай жобалардың маңыздылығына тоқталды.
– Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Республика күні – еліміздің мемлекеттілігін нығайтып, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдейтін айрықша мереке. Осы мереке қарсаңында мақта өңдеу кәсіпорындарының ашылу салтанатына куә болып отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіру және отандық өндірістің әлеуетін арттыру міндеттеріне айрықша мән беріп келеді. Бүгін пайдалануға беріліп отырған өндірістік нысандар – осы бағыттағы нақты жұмыстардың нәтижесі.
Облысымызда мақтаны өсіру мен жинаудан бастап, оны терең өңдеуге, мақта талшығынан жіп және дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтитын мақта-тоқыма кластері қалыптасып келеді. Бүгінде Отырар ауданында төрт мақта өңдеу зауыты іске қосылып отыр.
Бұл – еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға, өңірлердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған стратегиялық маңызы зор жоба. Заманауи технологиялармен жабдықталған зауыттар жылына 320 мың тонна мақта шикізатын өңдеп, 110 мың тонна мақта талшығын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға арналған 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Осындай ауқымды жобаны жүзеге асырып отырған инвесторға және компанияның барша ұжымына алғысымды білдіремін. Кәсіпорынның жұмысы табысты, өндірісі өркенді болсын! – деді Нұралхан Көшеров.
Мақта өңдеу зауыттары «Turan» арнайы экономикалық аймағының 76,2 гектар аумағында орналасқан. Төрт зауыттың құрылысына салынған инвестицияның жалпы көлемі 17,129 млрд теңгені құрайды. Оның екеуі 2025 жылы іске қосылса, биыл тағы екі зауыттың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Кәсіпорындарда мақта өңдеудің заманауи қытайлық технологиялары қолданылады. Өндірістік үдеріс шикі мақтаны қабылдау, тазалау, кептіру, мақта талшығын тұқымынан ажырату, престеу және дайын өнімді қаптау кезеңдерін қамтиды.
Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі мен қонақтар өндірістік нысандарды аралап, кәсіпорындардың жұмысымен және заманауи жабдықтарымен танысты.
Төрт зауыттың толық іске қосылуы өңірде мақта шикізатын терең өңдеу көлемін арттырып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге жол ашады. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындары жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға және Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамыту, заманауи өндіріс орындарын ашу және жергілікті шикізаттың әлеуетін тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі








