ТҮРКІСТАНДА 26 ЕЛДЕН 3 МЫҢНАН АСТАМ ҚАТЫСУШЫНЫ ЖИНАҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАРАФОН ӨТТІ

    1 / 4

    Республика күніне орай Түркістан қаласында бесінші рет Turkistan Marathon халықаралық жүгіру жарысы өтті. Биылғы марафонға әлемнің 26 елінен 3 мыңнан астам қатысушы жиналды. Ауқымды спорттық шараны «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

    Марафонның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Ол халықаралық жарыстың бұқаралық спортты дамытуға, қаланың туристік әлеуетін арттыруға және жергілікті экономиканың өркендеуіне серпін беретінін атап өтті.

    – Turkistan Marathon-2026 жарысының қасиетті Түркістан қаласында өтуінің маңызы ерекше. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған марафон – спорт мерекесі ғана емес, достық пен бірлікті нығайтып, адамдарды табандылыққа жігерлендіретін, ортақ мақсат жолында біріктіретін маңызды іс-шара. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға, дені сау әрі физикалық тұрғыдан дамыған жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

    Түркістан – тарихы терең, рухы биік, түркі дүниесіне ортақ қасиетті шаһар. Біз көне қаламызды руханият пен мәдениеттің ғана емес, халықаралық спорт пен белсенді өмір салтының да орталығына айналдыруды көздейміз. Бүгінгі марафон осы мақсатқа бастайтын жарқын қадамдардың бірі. Әрқайсыңыз Түркістаннан ерекше әсер алып, жүректеріңізге қуат, көңілдеріңізге шаттық ұялатасыздар деп сенемін. Баршаңызға сәттілік, мықты денсаулық және сарқылмас жігер тілеймін! Turkistan Marathon-2026 баршаңызға жеңіс пен шабыт сыйласын! – деді Ертай Кенжебекұлы.

    Марафонның сөресі мен мәресі «Karavan Saray» кешенінің маңында орналасқан. Қатысушылар Бекзат Саттарханов даңғылы бойымен әуежай бағытына қарай жүгіріп, белгіленген маршрут бойынша кері қайтты.

    Жарыс бағдарламасына бес қашықтық енгізілді. Атап айтқанда, 42,2 шақырымдық марафон, 21,1 шақырымдық жартылай марафон, 10 шақырымдық жүгіру, 10 шақырымдық скандинавиялық жүріс және 10–14 жас аралығындағы балаларға арналған 3 шақырымдық жарыс ұйымдастырылды.

    Turkistan Marathon жыл сайын еліміздің түрлі өңірлерінен және шетелдерден келген спортшыларды біріктіріп, халықаралық спорттық дәстүрді қалыптастырып келеді. 2025 жылы жарысқа 3 мың жүгіруші қатысқан. Олардың 1 968-і Қазақстанның өзге өңірлерінен, ал 368-і шетелден келген.

    Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның туристік және экономикалық әлеуеті де жоғары. Жүгірушілермен бірге қалаға олардың туыстары мен достары келеді. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, әр қатысушыға орта есеппен 1,6 еріп жүрушіден келеді. 2025 жылы олардың жалпы саны шамамен 4 мың адамға жеткен.

    Марафонға қатысушылар спорттық жарысқа қатысумен қатар Түркістанның тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік алады. Қаланың басты туристік нысандарының бірі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Осылайша, Turkistan Marathon спорт пен туризмді ұштастырып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

    Айта кетейік, Turkistan Marathon Халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енгізілген. Жарыс трассасы World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған. Сонымен қатар марафон Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан елдеріндегі жарыстарды біріктіретін TAN (Turkic Alliance of Long Runs) халықаралық сериясының құрамына кіреді.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары