Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне заманауи өндірістік қуаттар, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу технологиялары, өнеркәсіптік бау-бақша мен жылыжай шаруашылығының дамуы, сондай-ақ етті мал шаруашылығының әлеуеті таныстырылды.
Баспасөз турының бағдарламасы астық дақылдарын өңдеу мен азық-түлік өнімдерін өндіруден бастап, жеміс-жидек пен көкөніс өсіруге, заманауи сақтау жүйелерін ұйымдастыруға және қосылған құны жоғары өндірістік тізбектерді қалыптастыруға дейінгі агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыттарын қамтыды.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар шикізат өсіруден бастап дайын өнім өндіруге, оны сақтауға және сыртқы нарықтарға шығаруға дейінгі толыққанды қосылған құн тізбегін қалыптастыру. Алматы облысы осындай кешенді тәсілдің мүмкіндіктерін көрсетіп отыр. Мұнда заманауи қайта өңдеу кәсіпорындары, интенсивті бау-бақша шаруашылығы, жылыжай кешендері мен мал шаруашылығы нысандары дамып келеді. Отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ал салаға тартылған инвестициялардың өндірістің тұрақты өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуі маңызды», – деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Баспасөз турының алғашқы нысандарының бірі жеміс-жидекті терең өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өнеркәсіптік сақтау және жыл бойы құлпынай өсіру бағыттарын біріктіретін «Fruit Art» ЖШС жеміс-жидек комбинаты болды.
Кешен құрамына жылына 5 мың тоннадан астам шикізатты өңдеуге қауқарлы сублимациялық өңдеу комбинаты, сыйымдылығы 15 мың тоннаға дейін жететін газдық ортасы реттелетін жеміс сақтау қоймасы және голландиялық технологияларды қолдана отырып, құлпынай өсіретін, аумағы 5,5 гектар жылыжай кешені кіреді. Кәсіпорын 2023 жылы пайдалануға берілген. Инвестициялардың жалпы көлемі 44 млрд теңгені құрады.
Бұдан кейін журналистер Қазақстан мен Орталық Азиядағы балмұздақ өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі – «Шин-Лайн» ЖШС өндірістік кешенінің жұмысымен танысты. Компания 36 брендпен өнім шығарып, тұтынушыларға тауарлардың 160-тан астам түрін ұсынады. Балмұздақтан бөлек, кәсіпорында сүт өнімдері, мұздатылған азық-түлік және тез дайындалатын кеспе өндіріледі.
Компания өнімдері ішкі нарықта сатылып, Қытай, Ресей, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанды қоса алғанда, 10 елге экспортталады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өндірістік желілер, дайын өнімді сақтау қуаттары және кәсіпорынның логистикалық инфрақұрылымы көрсетілді.
Астық дақылдарын терең өңдеу мүмкіндіктері бидай мен жүгеріні өңдеуге маманданған «АзияАгроФуд» АҚ базасында таныстырылды. Кәсіпорынның өндірістік инфрақұрылымына диірмен кешені, крахмал-сірне өндірісі, құрама жем зауыты, элеватор және қойма үй-жайлары кіреді.
Кәсіпорын Германия, Швейцария, Италия және АҚШ өндірісіндегі жабдықтармен жабдықталған. Диірмен кешенінің қуаты тәулігіне 400 тоннаға дейін бидай өңдеуге, крахмал-сірне кешенінің қуаты тәулігіне 200 тоннаға дейін жүгері өңдеуге, ал құрама жем зауытының қуаты тәулігіне 600 тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Элеваторда бір мезгілде 15,2 мың тонна астық сақтауға болады. Қосымша қойма орындарының сыйымдылығы 40 мың тоннаға дейін жетеді.
Баспасөз турының келесі нысаны 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Green Land Alatau» ЖШС жылыжай кешені болды. Кәсіпорын шамамен 10,5 гектар аумақты алып жатыр және қызанақ, қияр мен салат дақылдарын өсіруге маманданған. Жылдық өндірістік қуаты 6,8 мың тонна өнімді құрайды.
Баспасөз турына қатысушылар 2010 жылы пайдалануға берілген «Иссыкский плодоконсервный завод» ЖШС-не де барды. Кәсіпорында қоюландырылған томат пастасы, алма және өрік езбесі өндіріледі. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 10 мың тоннадан астам шикізатты өңдеуге жетеді. Кәсіпорын аумағының көлемі – 1,5 гектар.
Етті мал шаруашылығын дамытуға да ерекше назар аударылды. Қырбалтабай ауылында журналистер ет бағытындағы ірі қара малды өсіру және бордақылаумен айналысатын «Агро Балтабай» ЖШС қызметімен танысты.
Шаруашылықтың жеке жемшөп базасы мен аналық мал басы бар. Кешеннің өндірістік қуаттары 4 мың бас аналық малды және бордақылаудағы 6 мың бас ірі қараны ұстауға есептелген.
Баспасөз турының қорытынды нысаны интенсивті өнеркәсіптік бау-бақша шаруашылығын, элиталық алма көшеттерін өсіруді және табиғи тікелей сығылған алма шырынын өндіруді дамытып отырған «Apple Bee» ЖШС болды. Жоба 2020 жылы пайдалануға берілген. Инвестиция көлемі 487 млн теңгені құрады.
Өнеркәсіптік алма бағының аумағы 120 гектарды құрайды. Жоспарланған жылдық өнім көлемі – 3 мың тоннаға дейін алма. Өнім Қазақстан мен Ресейдің сауда желілеріне жеткізіледі. Сонымен қатар компания жылына 300 мың данаға дейін көшет өсіруге қауқарлы элиталық көшеттер питомнигін дамытып келеді. Кәсіпорын француз және голландиялық алма сорттарын шығарушылармен ынтымақтастық орнатып, вируссыз отырғызу материалын пайдаланады.
Компания қызметінің тағы бір бағыты – суықтай сығу әдісімен алма шырынын өндіру. Өнім Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің бөлшек сауда желілеріне жеткізіледі. Қазіргі уақытта кәсіпорын жеміс сақтау қоймасын салу мәселесін пысықтап жатыр және жобаны қаржыландыруды күтуде.
Баспасөз туры Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешеніндегі бағыттардың сан алуандығы мен өндірістік әлеуетін көрсетті. Өңірде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, дайын өнім шығару, өнеркәсіптік бау-бақша шаруашылығы, жылыжай өндірісі және етті мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және елдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.









