Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс Алматы қаласындағы «Сайман», «Миртек», «NERO GROUP» және «Goldcard Smart Group Kazakhstan» кәсіпорындарына барып, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру және Digital Qazaqstan стратегиясының міндеттері аясында олардың өндірістік мүмкіндіктерімен танысты.
Сапар барысында вице-министр кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын, электр және жылу энергиясын, газды есепке алу аспаптарын өндіру технологияларын, сондай-ақ өндірісті оқшаулау мүмкіндіктерін зерделеді.
Өлшеу дәлдігіне, көрсеткіштерді автоматты түрде жинау мен беруге, жабдықтардың өзара үйлесімділігіне және оларды ақпараттық жүйелерге интеграциялау мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Зияткерлік есепке алу жүйелерін енгізу энергия ресурстарын тұтыну туралы деректердің анықтығын арттыруға, оларды жедел бақылауға, сондай-ақ шығындарды анықтау және азайту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Тұтынушылар үшін бұл нақты тұтынылған ресурстар бойынша есепке алу мен есеп айырысудың ашықтығын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар отандық кәсіпорындардың ұлттық жоба қажеттіліктерін қамтамасыз ету, жабдықтардың жергілікті өндірісін дамыту және оларға техникалық қызмет көрсету мүмкіндіктері қарастырылды.
«Сайман» корпорациясы» ЖШС-не барған кезде вице-министр кәсіпорынның өндірістік әлеуетімен және қуаттарды кеңейту жоспарларымен танысты. Мәлімделген жылдық өндірістік қуаты электр энергиясын есепке алу бойынша 800 мың аспапты, суды есепке алу бойынша 600 мың аспапты, газды есепке алу бойынша 300 мың аспапты және жылуды есепке алу бойынша 8 мың аспапты құрайды. Қазіргі уақытта қосымша өндірістік қуаттарды салу жұмыстары жүргізілуде.
Аспап жасау зауытын орналастыру үшін нысандарды сатып алу және күрделі жөндеу жобасын аяқтау 2026 жылғы қарашаға жоспарланған.
Энергетика министрлігі қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін және цифрлық шешімдерді интеграциялауға қойылатын талаптарды ескере отырып, есепке алу жүйелерін жаңғырту жұмыстарын жалғастырады.
Дереккөз: https://www.gov.kz/org/energo/press/news/details/1317657?lang=kk








